Мазмұнға өту
Жаңалықтар 08.09.2026 63

Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті

Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті

Шәкәрім университетінде жаңа оқу жылы алғашқы қадамдарын енді бастаған бірінші курс студенттері үшін мазмұнды кездесумен басталды. Университет ректоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков оқу ордасының табалдырығын алғаш аттаған жастармен жүздесіп, олардың жаңа ортаға бейімделуі, сапалы білім алуы және университет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы жөнінде ашық әңгіме өрбітті.

Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесудің басты ерекшелігі – жастардың көкейіндегі сұрақтарға тікелей жауап беріліп, студенттік өмірдің маңызды қырлары ашық талқыланды. Бұл ретте ректор қазіргі қоғамдағы маңызды құндылықтардың бірі – ашықтық пен диалог мәдениетіне ерекше тоқталды.

– Бүгінгі қоғамның басты талаптарының бірі – ашықтық. Ашық сөйлесу, пікір алмасу, мәселені жасырмай айту және оны бірге шешу – дамудың маңызды тетігі. Университет те студент пен оқытушы, студент пен басшылық арасында осындай ашық қарым-қатынас қалыптастыруға ұмтылады,- деді Думан Рымғалиұлы.

Биыл Шәкәрім университетінің күндізгі бөліміне 1813 жас қабылданды. Олардың қатарында Абай облысының мектептерін «Алтын белгімен» тәмамдаған талантты түлектер де бар.

Бұған дейін облыс бойынша мектепті «Алтын белгімен» бітірген 424 түлекке «Шәкәрім білім грантының» сертификаты табысталған болатын. Биыл сол грант бойынша университет студенті атанған жастардың саны – 74. Бұл – өңірдегі білімді әрі қабілетті жастарды қолдауға, олардың сапалы білім алуына жағдай жасауға және болашақ мамандардың туған жерінде қалып, өңірдің дамуына үлес қосуына бағытталған маңызды бастама.

Ректор өз сөзінде қазіргі студент үшін білім алудың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кеңейгенін атап өтті. Бүгінде жас маман кәсіби дамуын бір ғана аудиториямен шектемей, халықаралық білім беру кеңістігіне шығуға мүмкіндік алады. Шәкәрім университетіндегі академиялық ұтқырлық бағдарламалары осы бағыттағы маңызды мүмкіндіктердің бірі. Бағдарлама аясында студенттер шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, өз саласы бойынша жаңа тәжірибе жинақтап, кәсіби және мәдени көкжиегін кеңейте алады.

Университеттің халықаралық байланыстарды дамыту бағытындағы жұмысы білім беру бағдарламаларынан да көрініс табуда. Биыл оқу орнында ағылшын тілінде білім беретін екі жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Бұл – студенттердің шетелдік білім беру ресурстарына қолжетімділігін арттырып, халықаралық академиялық ортада еркін білім алуына жол ашатын қадам.

Шәкәрім университетінің халықаралық байланыстары кеңейіп, шетелдік жастардың оқу орнына деген қызығушылығы да арта түсті. Биыл университетке 40 шетелдік студент қабылданды. Әртүрлі елдерден келген жастардың бір ортада білім алуы – Шәкәрім университетінің халықаралық танымалдығының артып, оқу ордасының әлемдік білім беру кеңістігіне белсенді кірігіп келе жатқанын аңғартады.

Кездесуде студенттердің қауіпсіздігі мен әл-ауқатына бағытталған университеттік қызметтер де таныстырылды. Атап айтқанда, жастар қажет болған жағдайда комплаенс-офицерге, психологиялық қызмет мамандарына жүгіне алады. Сонымен қатар студенттердің білім алуына, өзін-өзі дамытуына және бос уақытын тиімді ұйымдастыруына арналған кітапханалар, коворкинг орталықтары мен өзге де инфрақұрылымдық мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.

Ректор бірінші курс студенттеріне университетті тек сабақ оқып, емтихан тапсыратын орын ретінде емес, өз қабілетін ашуға, жаңа идея қалыптастыруға, кәсіби орта табуға және тұлғалық тұрғыдан өсуге мүмкіндік беретін кеңістік ретінде қабылдауға кеңес берді.

Кездесу барысында студенттер оқу үдерісі, академиялық мүмкіндіктер, университеттегі қолдау қызметтері, студенттік бастамалар мен болашаққа қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Әрбір сұраққа ашық әрі нақты жауап беріліп, жастардың ұсыныстары мен пікірлеріне назар аударылды.

Бірінші курс жаңа ортаға бейімделумен қатар, болашаққа бағыт айқындайтын маңызды кезең. Ал сол жолдың алғашқы күндерінен бастап студент пен университет арасында ашық диалогтың орнауы – сенімге негізделген білім беру ортасын қалыптастырудың басты қадамы.

Шәкәрім университеті үшін әрбір жаңа студент – тек білім алушы ғана емес, өңірдің, елдің ертеңіне үлес қосатын болашақ маман. Сондықтан бүгінгі міндет жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың биікке қанат қағуына жағдай жасау және туған жердің дамуына қажет білікті кадр қалыптастыру.

Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті
Ректор бірінші курс студенттерімен кездесті

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру