Құқықтық сауаттылық – азаматтық жауапкершіліктің негізі
Шәкәрім университетінің бірінші курс студенттеріне педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, сарапшы Нәзигүл Газизова «Жаңа Конституция: құқықтық мемлекет және азаматтық жауапкершілік» тақырыбында ашық дәріс өткізді.
Танымдық іс-шараға Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының Ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Диас Серікбеков қатысты.
Ашық дәрістің негізгі мақсаты – студенттердің Конституция туралы түсінігін кеңейтіп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі және құқықтық мемлекет қағидаттары жөніндегі білімін арттыру.
Дәріс барысында Нәзигүл Слямболқызы жаңа Конституцияның құрылымы мен мазмұнына тоқталып, Ата Заңның 11 бөлім мен 95 баптан тұратынын атап өтті. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған негізгі өзгерістерге кеңінен түсініктеме берілді.
Сарапшы жаңа Конституцияның преамбуласында көрініс тапқан ұлттық құндылықтардың мәніне де назар аударды. Атап айтқанда, онда «төл мәдениетіміз» ұғымының енгізілуі елдің тарихи-мәдени болмысын айқындайтын маңызды құндылық ретінде түсіндірілді. Сондай-ақ Конституцияға енгізілген «экологиялық мәдениет» ұғымының мазмұны мен оның қазіргі қоғам үшін маңызы сөз болды.
Кездесу барысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттері жеке-жеке түсіндіріліп, құқық пен жауапкершіліктің өзара сабақтастығы талқыланды. Құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидаттары, оның ішінде заңның үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғам мүшелерінің жауапкершілігі жөнінде маңызды ойлар айтылды.
Дәрістің тағы бір маңызды бөлігі – жаңа Конституцияда қарастырылған институционалдық өзгерістер. Студенттерге бір палаталы Құрылтай, Вице-президент институты, Қазақстан Халық кеңесі, сондай-ақ цифрлық құқықтар мен қорғау тетіктері секілді жаңа нормалар мен институттар туралы ақпарат берілді.
Ашық дәріс барысында «Әділетті Қазақстан», «Заң және тәртіп» қағидаттарының мәні де кеңінен түсіндірілді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Конституцияның қоғам мен мемлекет дамуындағы рөлі жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Конституцияның тек мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын құжат қана емес, әр азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты негізгі құқықтық құжат екені атап өтілді.
Мұндай ашық дәрістер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінетін, заңды құрметтейтін және қоғамдық жауапкершілікті сезінетін азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді.