Қоғамдық тәртіп пен құқықтық сауаттылық – уақыт талабы
«Integrity Astana» үкіметтік емес ұйымының басшысы, құқықтық мәдениетті арттыру саласының сарапшысы Жанат Нұрғалиев Шәкәрім университеті білім алушыларына ««Заң және тәртіп» тұжырымдамасы: үкіметтік емес ұйымның рөлі» тақырыбында мазмұнды дәріс өткізді. Кездесу барысында қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.
Дәріс барысында спикер заң мен тәртіп ұғымының тек құқық қорғау органдарының қызметімен ғана шектелмейтінін атап өтті. Бұл – әр азаматтың құқық пен міндетті терең түсініп, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуінен басталатын маңызды құндылық екені айтылды. Заң үстемдігі орныққан мемлекетте әділдік салтанат құрып, адам құқықтары қорғалып, қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік нығая түсетініне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі де кеңінен сөз болды. Азаматтық қоғам институттары құқықтық сауаттылықты арттыру, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әділ қоғам құру жолында маңызды міндет атқаратыны айтылды. Спикер жастардың белсенді азаматтық ұстанымы елдің құқықтық дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы әділдік қағидаттары жөнінде пікір алмасты. Ашық форматта өткен дәріс жастардың құқықтық сана-сезімін арттырып, заңға құрметпен қараудың маңызын түсіндіруге бағытталды.
Тағылымды кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылар арасында құқықтық мәдениетті нығайтып, заң талаптарын құрметтейтін, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ қалыптастыру.