Памуккале университетіндегі жүздесу: білім, сенім, қолдау
Шәкәрім университетінің ректоры Д. Орынбеков Памуккале университетінде (Pamukkale University) академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 40-тан астам студентпен кездесті.
Жүздесу барысында университет басшысы студенттерге жылы лебізін білдіріп, шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап жүрген жастардың ізденісін жоғары бағалады. Ол студенттерге уақытты тиімді пайдаланып, білімге жауапкершілікпен қарауға, жаңа ортаға белсенді бейімделуге, тілдік дағдыларын жетілдіруге және алған тәжірибесін елге оралған соң тиімді қолдануға кеңес берді.
Ректор академиялық ұтқырлық бағдарламасының маңызына тоқталып, мұндай мүмкіндіктердің кәсіби білімді тереңдетуге, әлемдік тәжірибемен танысуға, дербестікті қалыптастыруға және жаңа мәдени ортада өзін сынауға жол ашатынын атап өтті.
Елден жырақта өткен бұл жүздесу студенттер үшін туған университетінің қолдауын сезінген, рух берген жылы жүздесу болды. Кездесу соңында ректор жастарға сәттілік тілеп, білім жолындағы әр қадамның болашақ кәсіби дамуына берік негіз болатынын жеткізді.
Айта кету керек, Памуккале университеті – Түркиянің Денизли қаласындағы мемлекеттік көпсалалы жоғары оқу орны. Инженерия, технология, жаратылыстану, педагогика, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, экономика, медицина, ауыл шаруашылығы, туризм және спорт бағыттары қамтылған. QS Europe University Rankings – Western Asia 2026 өңірлік рейтингінде университет 79-орында.
Shakarim University мен Pamukkale University арасындағы көпжылдық серіктестік халықаралық академиялық байланыстарды нығайтып, студенттердің білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етіп келеді. Екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығы жастарға шетелдік білім беру жүйесімен танысуға, халықаралық тәжірибе жинақтауға және кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Екі университеттің көпжылдық серіктестігінің ең құнды нәтижесі — студенттерге ашылған халықаралық білім мүмкіндіктері, олардың болашағына салынған инвестиция және жаңа жетістіктерге жетелейтін өзара сенім.