Жаңалықтар 01.04.2026 154

Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе

Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе

Бүгін Шәкәрім университетінің ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 19 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ғылыми қауымдастықпен кездесуінде айтылған негізгі тұжырымдармен мұқият танысып, отандық ғылымды дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.

Жиынды университет ректоры Думан Орынбеков ашып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласын дамытуға қатысты айтқан бастамалары мен стратегиялық бағыттарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі басқосудың өзектілігін атап өтіп, ғылым мен білімді ұштастыру, зерттеу нәтижелерін нақты экономикамен байланыстыру бағытындағы міндеттерге ерекше назар аударды.

Келесі кезекте ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызының ғылымды қаржыландыру және мемлекеттік қолдау, ғылыми қалалар мен өңірлік ғылымды дамыту, ғылыми қызметкерлердің кадрлық құрамы, сондай-ақ, Шәкәрім университетінің ғылыми қызметінің нәтижелілігі сияқты өзекті бағыттарды қамтыған мазмұнды баяндамасы ұсынылды.

Баяндамада университеттің ғылыми әлеуетін арттыру, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру, жас ғалымдарды қолдау және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Шәкәрім университеті бірқатар инновациялық бағдарламаларға басымдық береді. Олардың қатарында агроөнеркәсіптік кешен мәселелерін зерттеу, радиоэкология және орманды қалпына келтіру, материалтану мен полимерлік материалдар саласындағы әзірлемелер және басқа да бағыттар бар.

Бұл бағдарламалар өңірлік мәселелерді шешуге бағытталған және өнеркәсіптік серіктестермен тығыз ынтымақтастықты қамтиды. Соның нәтижесінде университет аймақтың өзекті әлеуметтік, экономикалық және технологиялық міндеттерін шешуге тікелей қатысуды көздейді.

«Президенттің тапсырмасымен Курчатов қаласына «ғылыми қала» мәртебесін беру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «жедел дамушы қала» арнайы құқықтық режимі енгізілетіні де өңіріміз үшін жақсы бетбұрыс болмақ.

Өңірлік ғылымды дамыту мақсатында 11 жоғары оқу орнында академиялық және зерттеу орталықтары құрылуда. Бұл ретте 2026–2028 жылдары Шәкәрім университеті базасында Академиялық және зерттеу басымдылығы орталығын іске қосу жоспарланған»- дейді Жанар Қалибекқызы .

Бұл жоба Абай облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған.

Бағдарлама аясында қаржыландырудың 60 пайызы ғылыми құрылғыларды сатып алуға бағытталады. Осыған байланысты бағдарламаның негізгі инфрақұрылымдық нәтижесі ретінде ауыл шаруашылығы және тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалайтын ғылыми орталық құрылады. Аталған орталық қалыптасып жатқан өңірлік ғылыми-өндірістік экожүйенің өзегіне айналады деп күтілуде.

Соңғы жылдары университетте 20-дан астам ғылыми жоба жүзеге асырылса, оның біреуі коммерцияландыру кезеңіне жетті. Университетте технология трансфертімен айналысатын Innovation Hub жұмыс істейді.

Сонымен қатар, келелі басқосуда ғылыми нәтижелерді нарыққа шығару және бизнес құрылымдарымен жүйелі байланыс орнату бағытында жұмысты күшейту қажеттігі де айтылды.

Шәкәрім университеті ғылымды дамыту үшін қажетті кадрлық және инфрақұрылымдық әлеуетке ие. Алдағы міндет – ғылыми зерттеулердің практикалық нәтижесін арттыру, өндіріс пен ғылым байланысын күшейту және өңірдің ғылыми-технологиялық дамуына нақты үлес қосу.

Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе
Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе
Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе
Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе
Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе
Өңірлік ғылымды дамыту – өзекті мәселе

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру