Мемлекеттік тіл – баршаға ортақ құндылық
Шәкәрім университетінде 1–5 қыркүйек аралығында «Мемлекеттік тіл – Конституция құндылығы» атты апталық өтіп жатыр.
Апталықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі маңызын кеңінен насихаттау, қазақ тілін Конституцияда бекітілген құндылықтардың бірі ретінде дәріптеу және білім алушылардың тілге деген құрметін арттыру. Сонымен қатар іс-шаралар арқылы жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, мемлекеттік тілдің ел бірлігі мен ұлттық тұтастықты нығайтудағы рөліне назар аудару көзделген.
Апталық аясында университеттің білім алушылары мен оқытушыларының қатысуымен тақырыптық дәрістер ұйымдастырылуда. Дәріс барысында мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі, оның Конституциядағы орны, тіл саясатының негізгі бағыттары және қазақ тілін қоғамның барлық саласында қолданудың маңызы сөз болады.
Апталық бағдарламасынан кітап көрмелері де ерекше орын алған. Көрмелерде қазақ тілінің тарихы мен дамуына, ұлттық құндылықтарға, Алаш қайраткерлерінің мұрасына және қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларына арналған әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Сондай-ақ студенттер арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі, тіл мәдениеті және ұлттық құндылықтар тақырыптарында дебаттар өткізілуде. Еркін пікір алмасу форматындағы кездесулер жастардың өз ойын қазақ тілінде сауатты әрі дәл жеткізуіне, қоғамдық мәселелерге сыни тұрғыдан қарауына және пікір мәдениетін қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, елдің тарихи жады мен ұлттық болмысын сақтайтын рухани негіз. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу, оның қолданыс аясын кеңейту және күнделікті өмірде белсенді пайдалану – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
«Мемлекеттік тіл – Конституция құндылығы» апталығы аясындағы іс-шаралар осы ұстанымды білім беру ордасында кеңінен насихаттап, жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға бағытталған.