«Күміс университет» жобасы аясындағы жаңа курстар таныстырылды
29 қыркүйекте Шәкәрім университетінің Құзыреттілікті дамыту және мансап орталығының ұйымдастыруымен Семей қаласының «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің келушілеріне Шәкәрім университетінің «Күміс университет» жобасы аясында 2026–2027 оқу жылына жоспарланған курстардың таныстырылымы өткізілді. Биылғы оқу жылында барлығы 9 курс ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Іс-шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне арналған білім беру бағдарламаларының мазмұнымен таныстыру, олардың білім алуға деген қызығушылығын арттыру және өмір бойы білім алу қағидаттарын іске асыруға жағдай жасау.
Таныстырылымға курстарды әзірлеген оқытушылар қатысып, әр білім беру бағдарламасының мақсаты, міндеттері, мазмұны мен күтілетін нәтижелері туралы ақпарат ұсынды. Қатысушылар курстардың тақырыптық бағыттарымен танысып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Таныстырылым барысында орталыққа келушілер ұсынылған курстарға қызығушылық танытып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар жобаның аға буын өкілдерінің білімін толықтыруға және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
«Күміс университет» жобасы Шәкәрім университетінің даму стратегиясындағы Life Long Learning – өмір бойы білім алу және ересектерге білім беру қызметтерін трансформациялау бағытының маңызды құрамдас бөлігі.
Жоба аясында білім беру бағдарламаларының мазмұнын үнемі жетілдіру және тыңдаушылардың қажеттіліктеріне сәйкес жаңа курстар әзірлеу арқылы университет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту көзделеді.