Жаңалықтар 01.07.2026 106

Конституция – Қазақстанның болашақ даму стратегиясы

Конституция – Қазақстанның болашақ даму стратегиясы

Бүгін, 1 шілдеде, Қазақстан өзінің дамуының жаңа кезеңіне қадам басты.

15 наурызда өткен республикалық референдумда азаматтар қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы бүгіннен бастап күшіне енді. Кез келген мемлекет үшін мұндай оқиға құқықтық нормалардың өзгеруімен ғана шектелмейді.

Конституцияның мәні әлдеқайда терең. Ол қоғамның негізгі құндылықтарын бекітеді, елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайды, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа мазмұнын қалыптастырады және алдағы ондаған жылдар бойы өмір сүретін ұрпақтардың ұстанатын қағидаттарын белгілейді.

Сондықтан жаңа Ата Заңның маңызын тек құқықтық тұрғыдан бағалау жеткіліксіз. Шын мәнінде, сөз Қазақстан дамуының жаңа үлгісі туралы болып отыр.

Әрбір тарихи кезең мемлекет алдына өз талаптарын қояды. Егер бұрын елдің тұрақтылығы табиғи ресурстармен, өндірістік әлеуетпен немесе қолайлы географиялық орналасумен өлшенсе, XXI ғасыр ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты адами капиталдың сапасы, жаңа білім өндіру, технологияларды дамыту және оларды экономика мен қоғамдық өмірге жедел енгізу қабілеті екенін айқын көрсетіп отыр.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар туралы ғана емес, сонымен қатар Заң мен Тәртіп, әділеттілік, тиімді мемлекеттік институттар, ғылым, білім, жасанды интеллект, технологиялық тәуелсіздік, өңірлерді дамыту және әрбір азаматтың ел болашағы алдындағы жауапкершілігі туралы тұрақты түрде айтып келеді.

Бүгінде осы ұстанымдардың барлығы біртұтас мемлекеттік жүйеге бірігіп отыр.

Жаңа Конституцияның негізгі идеяларының бірі – Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыру.

Бұл ұғымды заң талаптарын орындаумен ғана шектеуге болмайды. Заң мен Тәртіп – қоғамдық өмірдің жаңа мәдениеті. Ол – адамға және оның қадір-қасиетіне құрмет, қабылданатын шешімдердегі адалдық пен жауапкершілік, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, заң алдында баршаның теңдігі, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім.

Осындай орта ғана орнықты дамудың берік негізін қалыптастырады. Заң үстемдік құрған жерде инвестиция келеді. Әділет үстемдік еткен жерде кәсіпкерлік дамиды. Мемлекеттік институттарға сенім артқан қоғамда білім, ғылым және экономика әлдеқайда қарқынды дамиды.

Тағы бір маңызды мәселе бар.

Конституцияның жаңа редакциясында білім, ғылым, мәдениет және инновациялардың мемлекет дамуындағы рөлі айрықша деңгейге көтерілді. Бұл кездейсоқ шешім емес. Мемлекет интеллектуалдық әлеуетті ұлттық дамудың негізгі ресурстарының бірі ретінде мойындап отыр.

Бүгінде табиғи байлығы мол мемлекеттер емес, жаңа білім қалыптастыра алатын, ғылыми зерттеулерді дамытатын, технологияларды өндіріске енгізетін және жаңа экономика үшін мамандар даярлайтын елдер алға шығады.

Сондықтан білім мен ғылым мәселелері енді тек салалық саясаттың құрамдас бөлігі емес. Олар ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Бұл жоғары оқу орындарына мүлде жаңа деңгейдегі жауапкершілік жүктейді.

Бүгінде жақсы маман даярлау жеткіліксіз. Өз бетінше ойлай алатын, заңды құрметтейтін, жауапты шешім қабылдайтын, адал еңбек ететін, жаңа технологиялар жасайтын, бастама көтере білетін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлғаны қалыптастыру қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, университеттер конституциялық құндылықтар нақты өмірде жүзеге аса бастайтын алғашқы қоғамдық институттардың біріне айналады.

Дәл осы жерде жастар тек мамандықты ғана меңгермейді. Осында олардың мемлекетке, заңға, еңбекке, әділеттілікке және азаматтық жауапкершілікке деген көзқарасы қалыптасады.

Сондықтан бүгінгі университеттік орта он, жиырма, отыз жылдан кейінгі мемлекеттік институттардың қандай болатынын айқындайтын маңызды кеңістік болып табылады.

Жаңа Конституцияның ең үлкен маңызының бірі – оның жастарға бағытталуында.

Бүгінгі мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, педагогтер мен кәсіпкерлер дәл бүгін қалыптасып жатқан жаңа Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етеді.

Еліміздің жасанды интеллект саласын дамыту, жаңа өндірістер құру, ғылыми әлеуетті нығайту, технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, мәдени мұраны сақтау және мемлекет дамуының келесі кезеңін айқындайтын шешімдерді қабылдау – солардың еншісінде.

Сондықтан Конституцияға құрмет оның баптарын жаттаудан басталмайды. Ол өз еліңнің болашағы алдындағы жеке жауапкершілікті терең түсінуден басталады.

Осы тұрғыдан алғанда, дәл бүгін республикалық «Egemen Qazaqstan»,«Казахстанская правда» https://egemen.kz/article/416183-quatty-qazaqstan-%C2%AD%C2%ADquru-mindeti, https://kazpravda.kz/n/konstitutsiya-kak-strategicheskaya-opora-razvitiya-strany/ газеттерінде жарияланған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мақаласының мәні ерекше. Министр Конституцияның жаңа редакциясында ғылымның, білімнің және инновациялардың стратегиялық басымдық ретінде бекітілуі бұл салалардың енді жай ғана мемлекеттік бағдарламалардың бағыты емес, елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тіректерінің біріне айналғанын атап көрсетеді. Бұл ғылымның қоғамдағы рөлін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, бүкіл жоғары білім жүйесіне қойылатын талаптарды да күшейтеді.

Университеттер қауымдастығы үшін бұл, ең алдымен, білім сапасына, ғылымды дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге және зерттеу мәдениетін қалыптастыруға деген жауапкершіліктің артуын білдіреді.

Сонымен қатар іргелі ғылымды экономиканың және қоғамның нақты сұраныстарымен ұштастыра білу міндеті бұрынғыдан да маңызды бола түседі.

Shakarim University үшін бұл қағидаттардың барлығы нақты мазмұнға ие.

Абай облысы – ғылым, білім, экология, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және кадр даярлау мәселелері өзара тығыз байланысқан өңірлердің бірі. Сондықтан университеттің дамуын өңірдің дамуынан бөлек қарастыру мүмкін емес. Оның ғылыми ізденістері мен білім беру қызметі облыс пен ел алдында тұрған нақты міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс.

Конституция ел дамуының бағытын айқындайды. Бірақ оның шынайы күші мәтінінде емес.

Оның күші – конституциялық қағидаттардың мемлекет қызметінің, қоғамдық өмірдің және әрбір азаматтың күнделікті ұстанымына айналуында.

Сол кезде ғана Конституция нормалары мемлекеттік саясатқа, мемлекеттік саясат өңірлердің дамуына, ал өңірлердің дамуы қуатты, әділетті әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанның орнықты болашағына ұласады.

Думан Орынбеков,

Шәкәрім университетінің ректоры

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру