Ғылыми идеядан сапалы мақалаға дейін: шетелдік профессор тәжірибесімен бөлісті
Шәкәрім университетінде Түркиянің Ығдыр университетінің тағамтану және нутрициология профессоры, доктор Дюрид Альвазир (Duried Alwazeer) «Идеядан мақалаға дейін: Зерттеу стратегиясы және ұйымдастыру» тақырыбында дәріс өткізді.
Жас ғалымдар мен PhD докторанттарға арналған дәріс барысында ғалым ғылыми зерттеуді идеядан бастап дайын ғылыми жарияланымға дейін жүйелі түрде ұйымдастырудың негізгі кезеңдеріне тоқталды. Зерттеу тақырыбын дұрыс таңдаудан бастап, ғылыми әдебиеттерді зерделеу, зерттеу сұрағы мен гипотезаны қалыптастыру, тәжірибені жоспарлау, деректерді жинау және талдауға дейінгі үдерістер нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Профессор зерттеу жұмысының нәтижелі болуы ең алдымен нақты әрі өзекті ғылыми сұрақ қоя білуден басталатынын атап өтті. Зерттеуші үшін тақырыптың жаңалығы, практикалық маңызы және оны нақты жағдайда жүзеге асыру мүмкіндігі алдын-ала бағалануы қажет.
Сондай-ақ дәріс барысында ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері мен заманауи ақпараттық құралдарды пайдалану жолдары таныстырылды. Google Scholar, Scopus, Web of Science, PubMed секілді ғылыми дерекқорлармен қатар, Zotero, Mendeley және EndNote сияқты библиографиялық менеджерлердің зерттеу жұмысын жүйелеудегі мүмкіндіктері көрсетілді.
Зерттеуді жоспарлау кезінде айнымалыларды анықтау, зерттеу үлгісін дұрыс таңдау, статистикалық әдісті тәжірибе басталмай тұрып белгілеу, зерттеу хаттамасын нақты әзірлеу және зертханалық жұмысты тиісті талаптарға сай жүргізудің маңызы да кеңінен сөз болды. Ғалым ғылыми нәтижелердің құндылығы тек алынған деректермен емес, оларды дұрыс талдау, түсіндіру және ғылыми ортаға сауатты ұсына білумен өлшенетінін жеткізді.
Дәрістің соңғы бөлігі ғылыми мақаланы әзірлеу мен жариялауға арналды. Қолжазбаны дайындау, зерттеу бағытына сәйкес журнал таңдау, мақаланы рецензиялауға жіберу және сарапшылардың ескертулері бойынша толықтыру кезеңдері түсіндірілді.
Профессор жас зерттеушілерге ғылыми жұмыстың жеке ізденіспен ғана шектелмейтінін айтып, ғылыми жетекшілермен, әріптестермен және түрлі сала мамандарымен кәсіби байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
Кездесу жас ғалымдар мен докторанттарға зерттеу жұмысын жүйелі жоспарлау, ғылыми идеяны нақты жобаға айналдыру және оны халықаралық ғылыми жарияланым деңгейіне жеткізу бойынша тәжірибелік бағдар берді.