Мазмұнға өту
Жаңалықтар 30.09.2026 56

Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом

Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом

Шәкәрім университетінде «Семей форумы: Ядролық қауіпсіздікті, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды және өңірлік ынтымақтастықты дамыту» атты халықаралық форум өтті. 23-25 қыркүйек аралығын қамтыған іс-шараны Орталық Азияның ядролық саладағы әйелдер желісі (WINCA - Women in Nuclear Central Asia) ұйымдастырды.

Үш күнге созылған форум АҚШ, Орталық Азия елдері мен өзге де өңірлердің сарапшылары, ғалымдары, академиялық қауымдастық өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, атом саласының мамандары, студенттер мен жас мамандар бас қосқан пікір алмасу алаңына айналды.

Іс-шара барысында ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану, атом саласына қажетті кадрларды даярлау, халықаралық стандарттарды енгізу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Бағдарлама аясында сараптамалық панельдік пікірталастар, техникалық таныстырылымдар және студенттерге арналған арнайы сессиялар ұйымдастырылды.

Форумды үйлестіруші Маргарита Калинина-Поль осы форумды ұйымдастыруда Қазақстанның Ядролық қоғамымен бірлесе жұмыс істегеніне ризашылығын білдірді.

-Бүгінгі кездесудің маңызы ерекше. Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Бұл дата бізге ядролық сынақтардың тарихы мен мұрасын қайта зерделеп қана қоймай, қауіпсіз ядролық болашақты қалыптастыру жолдарын талқылауға мүмкіндік береді,- деді ол.

Маргарита Калинина-Поль – АҚШ-тың Калифорния штатындағы Монтерей қаласында орналасқан Миддлбери халықаралық зерттеулер институты жанындағы Джеймс Мартин атындағы Ядролық қаруды таратпауды зерттеу орталығының химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қауіпсіздік бағдарламасының директоры. Оның айтуынша, форумның басты идеяларының бірі – болашаққа апаратын көпір қалыптастыру, ал бұл үдерісте жастардың рөлі ерекше. Осы орайда форум аясында Орталық Азиядағы ядролық және сабақтас салаларда еңбек ететін әйелдер мен ерлерді біріктіретін WINCA желісінің қызметі де таныстырылды.

Форум қатысушыларын Шәкәрім университеті атынан стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов қарсы алып, халықаралық іс-шараны Семейде өткізудің мәніне тоқталды.

-Бұл форумды Абайдың қасиетті жерінде, ядролық сынақтардың салдарын тарихтан жақсы білетін өңірде өткізудің мәні терең. Сондықтан университетіміз бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға және жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысуды мақсат етеді,- деген Асқар Бағдатұлы университеттің атом саласындағы тәжірибесіне де тоқталды.

Шәкәрім университеті Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығымен 30 жылдан астам уақыт бойы тығыз ынтымақтастық орнатып келеді.

-Осы үш онжылдық ішінде университетіміз ғылыми зерттеулерге, ең бастысы, атом саласына жоғары білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қосты. Форумның кадр даярлау жүйесін жетілдіру және ядролық саладағы әйелдердің көшбасшылығын қолдау сияқты мақсаттары университетіміздің миссиясымен толық үндеседі,- деді проректор.

WINCA президенті Тоғжан Сейфуллина ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек жекелеген елдердің емес, халықаралық қауымдастықтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Оның сөзінше, ядролық технологияларды қауіпсіз пайдалану жоғары кәсіби даярлықпен қатар, мемлекеттер арасындағы өзара сенімге, ашық диалог пен тығыз ынтымақтастыққа негізделуі қажет.

Форумның ғылыми бағдарламасында ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы ғылымның рөліне де айрықша назар аударылды. «Қазақстанның ядролық қоғамы» Ассоциациясының басқарма төрағасы Ирина Тажибаева ғылымның ядролық қауіпсіздік жүйесіндегі маңызын атап өтті. Оның пікірінше, ғылыми жетістіктер ядролық нысандарды қауіпсіз пайдалануға, ядролық материалдарды бақылауға және таратпау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал халықаралық ғылыми ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашады.

Профессор қоршаған ортаны бірлесе мониторингілеу, зерттеу нәтижелерімен алмасу және түрлі елдердің ғалымдарын халықаралық жобаларға тарту секілді тетіктердің ашық әрі сенімді ынтымақтастық қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Форумның маңызды бағыттарының бірі – атом саласына жаңа буын мамандарын даярлау болды. Студенттер мен жас мамандар сарапшылармен тікелей пікір алмасып, ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы, ғылыми зерттеулер және халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы өзекті мәселелермен танысты. Бұл формат тәжірибелі мамандар мен болашақ кадрлар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың атом саласындағы ғылыми және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Форумның ерекшелігі – теориялық пікірталастармен қатар, қатысушылардың еліміздің ядролық тарихы мен ғылыми әлеуетін өз көздерімен көруіне жағдай жасалуында. Бағдарлама аясында қонақтар Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына арнайы сапар жасап, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағымен танысты.

Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом
Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом
Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом
Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом
Ғылым, қауіпсіздік және бейбіт атом

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру