Мазмұнға өту
Жаңалықтар 04.09.2026 62

Еңбекке құрмет – елдік дәстүр

Еңбекке құрмет – елдік дәстүр

Шәкәрім университетінің ұжымы білім ордасының дамуына елеулі үлес қосып, жылдар бойы абыройлы еңбек еткен бірқатар әріптесін басқа қызметке ауысуына байланысты құрметпен шығарып салды.

Ізгі ниетке толы кездесуде университет ректоры Думан Орынбеков әріптестердің ұзақ жылдар бойғы еңбегіне тоқталып, олардың университет өміріндегі орны айрықша екенін атап өтті. Ректор өз сөзінде әр қызметкердің кәсіби білімі мен жауапкершілігі білім ордасының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосатынын айтып, жаңа қызмет орындарында да толағай табыс тіледі.

Университет үшін айтулы кезеңде коммуникация саласын дамытуға және оқу орнының қоғамдық беделін қалыптастыруға еңбек сіңірген Коммуникация орталығының директоры Мақсатбек Сатымбеков, ширек ғасырдан астам уақыт бойы университеттің қаржы-есеп жүйесінде қажырлы қызмет атқарған жетекші есепші Жазира Бекбатырова және білім ордасында 23 жыл еңбек еткен есепші Гүлмира Кадырсизова әріптестерінің ыстық ықыласына бөленді.

Кәсіби біліктілігі университет ұжымы тарапынан жоғары бағаланған Мақсатбек Нұрғалиұлы мен оқу орнының қаржы саласында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарып, өз ісіне жауапкершілікпен қараған Жазира Бекбатырова «Шәкәрім» медалімен марапатталды. Ал осы білім ордасының қабырғасындаұзақ жылдар бойы еңбек етіп, университеттің тыныс-тіршілігіне өзіндік үлесін қосқан Гүлмира Кадырсизоваға Шәкәрім университетінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды.

Марапаттау рәсімі – әріптестердің еңбегін бағалаудың ғана емес, университет тарихында өзіндік із қалдырған жандарға деген құрметтің де көрінісі болды.

Кездесу барысында әріптестері қызмет жолындағы азаматтарға ақжолтай тілектерін арнап, бірге еңбек еткен жылдардағы сыйластық пен кәсіби серіктестік үшін алғыс айтты. Жаңа қызмет орындарында да абырой биігінен көрініп, кәсіби жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.

Өз кезегінде қызмет орнын ауыстырып жатқан әріптестер Шәкәрім университетінің басшылығы мен ұжымына бірге қызмет атқарған жылдар үшін алғыстарын жеткізді. Олар университет қабырғасында жинаған мол тәжірибенің, қалыптасқан кәсіби байланыстың және әріптестік қарым-қатынастың өздері үшін әрдайым қымбат екенін атап өтті.

Еңбек жолындағы әр кезеңнің өзіндік орны бар. Ал ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында қызмет еткен жандардың еңбегін елеп, құрмет көрсету – ұжымдық мәдениеттің, өзара сыйластықтың жарқын үлгісі.

Шәкәрім университеті ұжымы әріптестеріне жаңа қызметтерінде сәттілік, кәсіби биіктер және толайым табыс тілейді. Іргелі білім ордасында басталған ізгі еңбек жаңа белестерде де жалғасын таба берсін!

Еңбекке құрмет – елдік дәстүр
Еңбекке құрмет – елдік дәстүр
Еңбекке құрмет – елдік дәстүр
Еңбекке құрмет – елдік дәстүр

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру