Директорлар кеңесінің жұмыс сапары жалғасты
Шәкәрім университетіне жұмыс сапарымен келген Директорлар кеңесінің төрағасы Күнсұлу Дальтонқызы Закарья мен кеңес мүшелері сапарының екінші күні университеттің материалдық-техникалық базасы, ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымдық дамуымен танысуға арналды. Бұл күн оқу орнының соңғы жылдары қол жеткізген нақты нәтижелерін көрсеткен мазмұнды кездесулерге толы болды.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Думан Рымғалиұлы оңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды жаңғырту жұмыстары жөнінде жан-жақты баяндады. Университетте білім алушылар мен оқытушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында кешенді жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Директорлар кеңесінің мүшелері алдымен күрделі жөндеуден өткен №1 спорт кешенін аралады. Мұнда толықтай жаңғыртылып, биылғы қаңтар айында пайдалануға берілген заманауи бассейнді, спорт және жаттығу залдарын көрді. Сондай-ақ Студенттер үйінде болып, жастардың тұрмыс-тіршілігіне жасалған қолайлы жағдайлармен танысты. Жаңартылған инфрақұрылым университеттің тек сапалы білім беруге ғана емес, студенттердің жан-жақты дамуына да басымдық беретінін аңғартты.
Келесі нысан – Инжиниринг орталығы болды. Орталықтың жұмысымен оның басшысы Ринат Құсайынов таныстырды. Қонақтарға «Материалдар бетін өңдеудің плазмалық технологиялары» және «Материалтану және электролиттік-плазмалық технологиялар» зертханаларындағы ғылыми жұмыстар көрсетілді.
Бұл зертханаларда машина жасау саласына қажетті бөлшектерді беріктендіру мен қалпына келтіру, сәулелендіру және плазмалық өңдеу технологияларын қолдану, материалдардың механикалық қасиеттерін сынау, олардың құрылымы мен сапасын талдау бағытында кешенді зерттеулер жүргізіледі. Мұндай ғылыми жұмыстар өндіріс орындарының нақты сұранысына жауап беріп, ғылым мен өндірістің тиімді байланысын нығайтып келеді.
Сапар барысында қонақтар университеттің заманауи ғылыми-зерттеу алаңы – Shakarim Lab жұмысымен де танысты. Зертхана директоры Алексей Кливенко мұнда жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы кеңінен баяндады.
Бүгінде Shakarim Lab – іргелі және қолданбалы ғылымды ұштастыратын, жас ғалымдарды инновациялық қызметке тартатын заманауи ғылыми орталықтардың бірі. Мұнда ветеринария, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында ауқымды теориялық әрі тәжірибелік зерттеулер жүргізілуде.
Қонақтар Масс-спектрометрия бөлімінде жоғары дәлдіктегі химиялық талдау әдістерімен, Электрондық микроскопия бөлімінде материалдардың микроқұрылымын зерттеу мүмкіндіктерімен және жуырда ашылған «Өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу технологиялары» зертханасының қызметімен танысты.
Сапар барысында Думан Рымғалиұлы университет ғылымының даму қарқыны туралы нақты мәліметтер келтірді.
– Соңғы үш жыл ішінде университеттегі жас ғалымдардың үлесі 30 пайыздан 55 пайызға дейін өсті. Бұл – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ғылымға көрсетіп отырған жүйелі қолдауының нәтижесі. Егер 2023 жылы ғылыми зерттеулердің жалпы қаржыландыру көлемі 257 миллион теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 2,5 миллиард теңгеге жетті, - деді ол.
Өз кезегінде Директорлар кеңесінің төрағасы Күнсұлу Дальтонқызы университеттің қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға беріп, ректор Думан Рымғалиұлының кәсіби басқарушылық қабілетін ерекше атап өтті. Ол университеттің даму қарқыны тиімді менеджменттің, жүйелі жоспарлаудың және ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін айтты.
Директорлар кеңесінің мүшелері бұдан кейін агроөнеркәсіп өнімдері мен өндірістік қалдықтарды терең өңдеуге бағытталған «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін валоризациялау» ғылыми-тәжірибелік орталығының жұмысымен танысты.
Орталықтың ғылыми жобаларын университеттің Science профессоры, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми-техникалық бағдарламалардың жетекшісі Қайрат Бекбаев таныстырды.
Ғалымның айтуынша, орталықтың басты ғылыми бағыты – өсімдік тектес органикалық қалдықтарды жоғары қосылған құны бар биоөнімдерге айналдыру. Соның ішінде биосутек өндіру технологиясы ерекше маңызға ие.
Бұл – бүгінде әлемдік ғылымдағы ең өзекті бағыттардың бірі. Қазақстанда ауыл шаруашылығы қалдықтарынан биосутек өндіру технологиясын жүйелі түрде зерттеп отырған бірегей ғылыми орталық дәл осы Шәкәрім университетінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар мұнда биометан, биоэтанол, биобутанол және биомасса өндіру бағытында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Ғалымдардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы қалдықтарын толықтай қайта өңдеп, экологиялық таза өнімдер мен органикалық тыңайтқыштар өндіру арқылы «жасыл экономиканың» дамуына үлес қосу.
Сапардың келесі бағыты – университеттің «Агротехнопарк» зертханалары болды. Оның қызметімен Шыңғыс Сүлейменов таныстырды.
Бүгінде мұнда микробиологиялық сараптамалар, азық-түлік өнімдерінің радиациялық қауіпсіздігін анықтау, сүт өнімдерінің сапасын бағалау, патологоанатомиялық зерттеулер, өсімдік өнімдерінің физика-химиялық құрамын анықтау сияқты маңызды ғылыми жұмыстар атқарылады.
Шыңғыс Сүлейменовтің айтуынша, мұнда студенттер ғылыми жобаларға ерте араласып, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгереді. Сонымен қатар оқытушылар мен жас зерттеушілер үшін де жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған.
Биылғы сәуір айында мұнда «Қой шаруашылығының селекциялық орталығы» өз жұмысын бастап, өңірдегі мал шаруашылығын ғылыми тұрғыдан дамытуға бағытталған маңызды жобаларды қолға алды.
Сапар соңында Директорлар кеңесінің мүшелері университеттің өндірістік цехтарын аралап, №3 оқу ғимаратындағы бірқатар дәрісханаларды көрді, қабылдау комиссиясының жұмысын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Сондай-ақ бұрынғы асхана ғимаратының негізінде қайта жаңғыртылып, студенттердің шығармашылық және зияткерлік бастамаларын қолдауға арналған «Жас-star» коворкинг орталығымен танысты. Ұзақ жылдар пайдаланылмай тұрған ғимараттың заманауи жастар кеңістігіне айналуы – университеттің әрбір нысанға жаңа тыныс беріп, оны студенттердің игілігіне жаратуға ұмтылысының айқын көрінісі.
Сапар барысында Директорлар кеңесінің өкілдері қабылдау комиссиясының жұмысымен де танысты. Жаңа талапкерлерге бағыт-бағдар беріп жүрген ерікті студенттермен кездесіп, олардың белсенділігіне ризашылығын білдірді.
Күнсұлу Закарья өз сөзінде Шәкәрім университетінің соңғы жылдардағы қарқынды дамуы – университет басшылығының, профессорлық-оқытушылар құрамының және барлық қызметкерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
– Бүгінде университеттің даму қарқыны анық байқалады. Бұл – ректор Думан Рымғалиұлы бастаған басшылықтың, оқытушылар мен қызметкерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Енді осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – сіздердің қолдарыңызда. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген қанатты сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан білімге ұмтылып, өз ісінің білікті маманы болуға күш салыңыздар. Қабылдау комиссиясында ерікті ретінде еңбек етіп жүргендеріңіз – нағыз азаматтық жауапкершілік пен патриотизмнің үлгісі. Болашақта еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын білікті маман болатындарыңызға сенемін,– деді Күнсұлу Дальтонқызы.
Жастармен өткен бұл мазмұнды кездесу олардың бойындағы жауапкершілік сезімін арттырып, болашақ маман ретінде ел игілігіне қызмет етуге деген жігерін нығайта түсті.
Директорлар кеңесі өкілдерінің екі күндік жұмыс сапары Шәкәрім университетінің бүгінгі даму бағытын, ғылыми әлеуетін және материалдық-техникалық мүмкіндіктерін жан-жақты танытуға мүмкіндік берді. Бүгінде университет білім берумен ғана шектелмей, ғылымды, инновацияны және өндірісті бір арнаға тоғыстырған заманауи зерттеу университетіне айналып келеді. Ал бұл бастамалар өңірдің ғана емес, еліміздің ғылыми және экономикалық дамуына қызмет ететін маңызды жобалардың негізіне айналары сөзсіз.