ChatGPT EDU: – оқытушының цифрлық көмекшісі
Қазақстандағы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Шәкәрім университетінде кафедралардың профессорлық-оқытушылар құрамына арналған «ChatGPT – оқытушының цифрлық көмекшісі» тақырыбындағы практикалық воркшоп ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – оқытушыларды ChatGPT EDU мүмкіндіктерімен таныстыру, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану жолдарын көрсету және олардың цифрлық құзыреттерін дамыту.
Воркшоп барысында қатысушылар Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы Тұрсынхан Саятұлының ұйымдастыруымен ChatGPT көмегімен дәріс материалдарын, презентация құрылымын, практикалық тапсырмалар мен тест сұрақтарын әзірлеу тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар ғылыми және әдістемелік мәтіндерді өңдеу, ақпаратты жүйелеу, аударма жасау және тиімді сұраныстар (prompt) құрастыру бойынша практикалық мысалдар ұсынылды.
Кездесуде жасанды интеллектіні қолдану кезіндегі академиялық адалдықты сақтау, дербес мәліметтерді қорғау, алынған ақпараттың дұрыстығын тексеру және авторлық құқық талаптарын ескеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Практикалық бөлімде қатысушылар ChatGPT платформасында нақты тапсырмаларды орындап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды және тәжірибе алмасты.
Іс-шара қорытындысында жасанды интеллект оқытушыны алмастырмайтыны, керісінше оның уақытын үнемдеуге, күнделікті жұмысын оңтайландыруға және білім беру мазмұнын жетілдіруге көмектесетін тиімді цифрлық құрал екені атап өтілді.
Осындай практикалық іс-шаралар университет қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыруға және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізуге мүмкіндік береді.