Бетбұрыстан басталған жаңа дәуір
Бүгін Шәкәрім университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Думан Орынбеков 2025 жылдың қорытындысы бойынша «THE TURNING POINT – БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ» тақырыбындағы ерекше есеп беру жиынын өткізді. Бұл іс-шара университет тарихында ғана емес, Қазақстанның жоғары білім жүйесінде де бұрын-соңды болмаған тәжірибе ретінде ерекшеленіп отыр.
Нақты айтқанда, университет басшысының есептік жиыны тек өзінің қатысуымен өтетін қорытынды баяндамамен шектелмей, топ-менеджмент қатарындағы басшылары өз бағыты бойынша атқарылған жұмыстар жайлы баян етті.
Есепті кездесуді Шәкәрім университеті ректоры Думан Орынбеков ашты. Ректор өз сөзінде есептің басты қағидатын нақтылады: бүгін бір ғана ректор емес, бүкіл университет жауап береді.
«Бүгін тұтас университет абстрактылы емес, стратегиялық бағыттар бойынша қоғам, өңір, болашағын бізге сеніп тапсырған жастар, ғылым мен білімге инвестиция салған мемлекет, ұтымды шешімдер күтетін ел алдында сөйлейді. Бұл жерде «біреудің» жауапкершілігі деген ұғым болмауы тиіс. Біз әрқайсымыз – ректор, проректор, оқытушы, зерттеуші, білім алушы – Шәкәрім университетінің трансформациясы үшін, университеттің өңір мен ел дамуында алатын орны үшін жауаптымыз. Сондықтан бүгінгі іс-шарада нақты шешім қабылдағандар, тәуекелге барғандар, нәтиже үшін жауаптылар қоғамдық сенім аванс ретінде берілмейтінін, оның тек іспен дәлелденетінін түсінгендер есеп береді. Ашықтық деген осы. Ал мемлекет пен болашақ логикасына сай дамитын университет – осының айнасы» – деді ректор кіріспе сөзінде.
Тоқсан жылдық тарихы бар Шәкәрім университеті қандай бетбұрыс жасады? Қандай жаңғырулар орын алды? Ректордың өз сөзімен айтқанда, ең басты өзгеріс – «адамдарда». Оқу ордасының жаңа келбетін қалыптастырған – профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылымның алдыңғы шебіндегі мамандар: жас зерттеушілер, инженерлер, аграрлық кәсіпкерлер, IT-сала мамандары және халықаралық серіктестер. Олар университетке жаңа мазмұн енгізе алды.
Соңғы жылдардағы басты ерекшелік – ашық сұрақ қоюға және жауапкершілігі мол шешімдер қабылдауға негізделген мәдениеттің орнығуы. Қиындықтарды жасырмай, кәсіби деңгейде талдап, шешу дағдылары университеттің негізгі ұстанымына айналған. Осылайша Шәкәрім университеті сыни ойлау экожүйесіне айналды, бұл – білім мен ғылымның жаңа үрдісі.
Осы маңыздылық аясында 2025 жылғы есеп те дәстүрлі формадан ерекшеленді. Слайдтар мен жалаң статистикаға сүйенген тізбекті баяндаудың орнына университет өз жолын, өз өзгерісін нақты нәтижелермен көрсетуді таңдады. Бұл есеп – өткенді санамалау емес, қалыптасқан жаңа ойлау жүйесінің, өзгерген университеттің айқын көрінісі.
«Бүгінгі есеп – БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ. Бұл – университет дамуының жаңа траекториясын қоғам алдында жауапкершілікпен қабылдау. Тұңғыш рет соңғы жылдардағы Шәкәрім университетінің негізгі бағыттары бойынша жүйелі өсімі туралы айтамыз. 2024 жылмен салыстырғанда барлық базалық көрсеткіштер: қаржы, ғылым, инфрақұрылым, кадр, жобалар, даму инвестициялары оң динамикада. Бұл университет үшін олқылықтарды жою кезеңі аяқталып, болашақты айқындау кезеңі басталғанын білдіреді. Біз енді тәуекелді саналы түрде басқарып, жүйелі өсуді мақсат етеміз»- деді Думан Орынбеков.
2024 жыл университет үшін тұрақтану кезеңі болса, 2025 жыл – өсудің айқын кезеңі болды. Жалпы кіріс 7,6 млрд теңгеден 8,5 млрд теңгеге дейін өсті, оның ішінде ғылымға бөлінген қаржы 1,6 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге ұлғайды. Ғылым кірісінің үлесі бір жыл ішінде 40%-ға артты – бұл жай сан емес, қаржыны тиімді басқарудың көрінісі.
Университет бюджетінің 60%-ы еңбекақыға бағытталып, адам капиталын жүйелі дамытуға инвестиция салынды. Инфрақұрылымға жұмсалған 21% қаржы ғылым мен білімнің материалдық базасын нығайтуды мақсат етті.
2025 жылғы қаржылық саясат жүйесі көрсеткіштерінің өсуінен көп нәрсе байқауға болады. Бұл басқару логикасының түбегейлі өзгерісі – бұрынғы инерциялық әрекеттен айқын бағытты стратегияға, дара шешімдерден тиімді жүйеге, тұрақтылықтан үдемелі өсуге қалай өту керектігі нақты айқындалды.
Осындай қаржылық архитектура университет ғылымының жаңа сапасына іргетас болды.
Shakarim University – өңірлік ғылым мен инновацияның көшбасшысы
Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай 2025 жылы Шәкәрім университеті өңірлік жоғары оқу орындары арасында ерекше нәтижелерге қол жеткізгенін, университеттік зерттеулердің жемісі ретінде 9 ғылыми жоба интеллектуалдық меншік ретінде тіркеліп, олар нарыққа жаңа немесе жетілдірілген өнімдер мен қызметтер ретінде ұсынылғанын, жобалардың басым бөлігі тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларына бағытталғанын айта келіп, Ұлттық ядролық орталықтан сұйық радиоактивті қалдықтарға арналған сорбент жасау жөніндегі өндірістік тапсырыс алуы университеттің ғылыми әлеуетіне берілген жоғары баға екенін атап өтті.
«2025 жылы Шәкәрім университеті ғылыми инфрақұрылымына тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 57,5 миллион теңгеге жетті. Атап айтқанда, Қытайдың Xi’an Jiaotong University-мен бірлесіп, Қазақстан-Қытай электрлендіру және автоматтандыру зертханасына арналған алғашқы зертханалық жабдықтар жеткізілді.
Сонымен қатар «Xi’an HETU» компаниясының қолдауымен Агробиозертхана заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеу орталығына айнала бастады»-деді ол.
Бұған дейін консервацияда тұрған Агробиозертхана 2025 жылы қайта жанданып, бүгінде нақты аграрлық ғылымның тірек алаңына айналды. Бір жылдың ішінде 9 дақыл бойынша зерттеулер жүргізіліп, 32 дәнді және мал азықтық дақылдардың, сондай-ақ, 5 картоп сортының тиімділігі сыналды.
Ғылым мен тәжірибені үйлестірген ShakarimLab
Келесі кезекте сөз алған Шәкәрім университетінің жас ғалымы, PhD, Shakarim Lab конструкторлық бюросының жетекшісі Әділет Сүгірбай университеттің өндіріс, ғылым мен білімді интеграциялай отырып, нақты салалық мәселелерді шешуге бағытталған бірегей экожүйе құрып отырғанын атап өтті.
«Дәл осы ортада біз университет білім алушыларын ғылымға тартып, оларға менторлық қолдау көрсетеміз. Менторлық жұмыс арқылы жас ізденушілерді тек теориямен шектемей, нақты тәжірибелік, қолданбалы жобаларға тартамыз. Нақты сұранысқа ие ауыл шаруашылығының мәселелерін шешуге бағыттаймыз.
Менің жоспарым университет ғылымын тек қағаз жүзінде қалдырып қоймай, еліміздің дамуына септігін тигізетін нақты техника мен технологиялар жасап, коммерцияландыру бағдарламасы арқылы бизнес-процесске дейін жеткізетін тізбектік жүйе құру»- деді жас ғалым.
Осы ретте, Әділет Сүгірбайдың жуырда ғана Қазақстанның жас ғалымдарын Web of Science деректер базасына сәйкес марапаттайтын «Academy Most Cited Researcher Award» сыйлығын табыстау кезінде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ғылымының үміті» арнайы марапатына ие болғанын да айтқанымыз орынды.
Ғылымға салынған инвестиция – болашаққа салынған капитал
2025 жылдың қорытындылары ғылыми мансап пен инфрақұрылымның орнықты үлгісін қалыптастырып, университеттің қаржыландыру мен жарияланымдық белсенділігін арттырғанын көрсетті. Ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызының сөзінше, бұл тек зертханалар мен құрал-жабдықтардың жаңаруы ғана емес, ғылыми ойлау мәдениеті мен университеттің өңірлік экономикаға қосқан нақты үлесі арқылы өлшенеді.
2025 жылы университетте 54 ғылыми жоба жүзеге асырылып, қаржыландыру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге өсті. Материалдық-техникалық базаны жаңарту мен ғылыми инфрақұрылымды дамытуға жүздеген миллион теңге бөлініп, оның ішінде 500 миллион теңгеге жуық қаражат заманауи жабдықтарға бағытталды.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ғылымы күшті елдің болашағы кемел» деген ертеден келе жатқан даналығы бүгінгі заманда университет дамуының негізін айқындай түсуде. Осылайша, Шәкәрім университеті зерттеу мен инновацияда жаңа белеске көтеріліп, ғылыми әлеуетін жүйелі түрде нығайтуда.
Жаңартылған инфрақұрылым - жаңа мүмкіндіктер
Шәкәрім университеті ректорының жария есебі аясында университеттің инфрақұрылымдық және әлеуметтік дамуы туралы баяндама жасаған ректор аппаратының басшысы Мақсат Кәрібаев болды. Бұл баяндама инфрақұрылымды қауіпсіздікті, энергия тиімділігін, жайлылықты және университет экожүйесінің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық даму ресурсы ретінде айқындады.
Ол 2025 жыл Шәкәрім университеті үшін инфрақұрылымдық жаңғыртудың бетбұрыс кезеңі болғанына, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемінің алдыңғы жылмен салыстырғанда 75 %-ға артқанына, бұл ретте жекелеген нысандарды жөндеп қана қоймай, кешенді және жүйелі жаңғыртуды мақсат еткендеріне тоқталды. Аппарат басшысының сөзінше, 2022 жылдан бастап университет инфрақұрылымды жаңартудың ауқымды стратегиясын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Осы стратегия аясында: коммуналдық желілер толық ауыстырылды, өрт қауіпсіздігі деңгейі 90 %-ға күшейтілді, кампус террористік қауіпсіздік талаптарына сәйкес 100 % бейнебақылау жүйелерімен жабдықталды, екі спорт кешенінің инфрақұрылымы толық жаңғыртылып, жүзу бассейні пайдалануға берілді; студенттік жатақханалар жаңартылды, заманауи коворкинг аймақтары мен оқу кеңістіктері құрылды. Нәтижесінде білім беру мен ғылыми зерттеулерге қолайлы, қауіпсіз әрі технологиялық жаңа кампус қалыптасты.
«Біз тек ғимараттарды ғана жаңғыртқан жоқпыз. Біз ортақ мақсат пен ортақ құндылықтар біріктірген, ұжымдық иммунитеті бар академиялық қауымдастықты қалыптастырдық»-деді Аппарат басшысы өз баяндамасында.
Ұлттық көшбасшылық және академиялық трансформация
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бейімбет Дәрібаевтың баяндамасы Шәкәрім университетінің жасанды интеллектіні академиялық ортаға интеграциялаудағы жетістіктерін айқын көрсетті. 2025 жылы университет "AI Sana" бағдарламасы аясында ұлттық көшбасшылардың біріне айналды, бұл – цифрлық трансформацияның академиялық кемелдік кезеңінің дәлелі.
Университеттің «Shakarim AI Check» жүйесі – оқу процесін жетілдіруге және академиялық адалдықтың жаңа стандарттарын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жүйе жасанды интеллектінің білім беру саласындағы рөлін арттырып, студенттердің академиялық жұмыстарының сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Проректордың айтуынша, жасанды интеллект тек IT-өнімі ғана емес, сонымен қатар университеттің экожүйесін толықтай өзгертетін стратегиялық ресурс. Студенттердің дербес ЖИ-агенттерін жасауы және оларды өндіріске енгізуі – білім берудің практикалық бағытқа бет бұрғанын көрсетеді.
Б.Дәрібаев баяндамасын
«Цифрлық трансформация нәтижесінде бизнес-процестердің жылдамдығы 40%-ға артып, барлық деңгейде ашықтық орнады. Деректерге негізделген шешім қабылдау басқарушылық талдаудың нормасына айналып, білім алушылар мен оқытушылардың цифрлық мәдениеті қалыптасты.
Шәкәрім университеті интеллектуалды экономика фазасына нық қадам басып, кадрлардың, озық технологиялар мен ғылыми мектептердің негізгі провайдеріне айналуда» - деп түйіндеді.
Адами капиталға бағдарланған өрлеу
Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Асқар Қасымов Шәкәрім университетінің стратегиялық жетістіктерінің негізі – адами капитал екенін атап өтті.
Университеттің QS World University рейтингіне 1401+ позициямен енуі және QS Asia рейтингінде ТОП-500-ге кіруі, сондай-ақ тұрақты даму бойынша әлемдік рейтингтердегі жетістіктері – Шәкәрім университетінің жаһандық деңгейде танылуының дәлелі.
"Атамекен" рейтингінде 31 білім беру бағдарламасының ТОП-10-ға кіруі және 19 бағдарламаның халықаралық аккредиттеуден өтуі – кадрларды даярлау сапасының жоғары екенін көрсетеді.
Студенттердің ғылыми-зерттеу белсенділігі мен әлеуметтік жетілуін бағалайтын iGPA жүйесінің енгізілуі – университеттің студенттердің жан-жақты дамуына бағытталғанын айқындайды.
Асқар Қасымов Шәкәрім университеті адами капиталға инвестиция салу және білім сапасын арттыру арқылы жаһандық аренада бәсекеге қабілетті университет ретінде танылып отырғанын, бұл қазақстандық білім беру жүйесі үшін маңызды жетістік екенін баса айтты.
Осылайша, «THE TURNING POINT – БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ» атауымен өткен ашық есептік жиын осы түбегейлі бетбұрысты бекітті: дәстүрлі формальды баяндамадан толықтай бас тартылып, әр бағыт басшысы өз нәтижесін жауапкершілікпен ұсынды, ал қорытынды бөлім қоғаммен ашық диалогта өтті. Тың тәсіл университеттің жаңа басқарушылық мәдениетін айқындап, жауапкершіліктің нақты әрі өлшенетін сипатқа өткенін көрсетті.
Шәкәрім университеті ректоры Думан Орынбековтің "THE TURNING POINT – БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ" тақырыбымен өткен есеп беру жиынын YouTube арнасынан мына сілтеме бойынша көре аласыздар: https://youtube.com/live/XJBBbuXiDOQ?feature=share
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің қоғам алдындағы есеп беру кездесуінде қамтылған, 2025 жылы атқарылған жұмыстардың PDF нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады: