Ақмарал Смағұлова: «Кітап оқыған адам ешқашан ұтылмайды»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» бастамасы аясында елімізде кітап оқуды насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы игі бастама аясында Шәкәрім университетінің кітапханашысы Арай Қазғасым қазақ руханиятының алтын арқауы саналатын Абай мен Шәкәрім мұрасын зерттеу ісіне сүбелі үлес қосып жүрген ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының басшысы Ақмарал Смағұловамен сұхбаттасқан еді.
Әңгіме барысында кітап оқу мәдениеті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, Абай мұрасының бүгінгі қоғамдағы маңызы және жастардың рухани дамуы төңірегінде ой қозғалды. Осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Ақмарал Төлеуғазықызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы жастар үшін қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Әрине, кітап оқуға үндейтін кез келген бастама – келешек зияткер ұрпақ үшін аса маңызды. Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударып, зерделі ұлт тәрбиелеу идеясын алға шығаруы – болашаққа жасалған маңызды қадам деп білемін.
Кітап оқыған ұлт ешқашан ұтылмайды. Кез келген мемлекеттің ертеңі, оның көшін ілгерілететін – жастары. Сондықтан жастардың ойлы, білімді, ізденімпаз болып қалыптасуы тікелей кітаппен байланысты. Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген сөзінің астарында да ұлттың болашағына деген үлкен үміт жатыр.
Егер жас ұрпақ іздеген білімін кітаптан тауып, рухани байлығын кітап арқылы толықтырып, дүниетанымын кітаппен кеңейтсе – бұл еліміздің жарқын болашағының берік кепілі болмақ. Кітап оқыған адам ешқашан ұтылмайды.
– Кітап оқудың адамның тұлғалық дамуына қандай әсері бар?
– Кітап – адамның сырласы әрі ақылшысы. Кітап оқыған адам кейіпкермен бірге қуанады, бірге мұңаяды, өз өмірімен салыстырады, қорытынды жасайды. Кейіпкер тағдырынан сабақ алып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан кітап – адамның ішкі дүниесін байытып, тұлға ретінде қалыптастыратын үлкен күш. Бұған өз өмірімнен қарапайым мысал келтіре аламын. Бұл кеңестік кезеңді аңсау емес, бірақ біздің балалық шағымыз сол уақытпен сабақтас өткені белгілі.
Өзімнің ата-анам жиырма шақты ғана үйі бар ферма орталығында тұрды. Сол кішкентай ауылда отыз шақты адам сыятын клуб үйі, медициналық пункт пен кітапхана болатын. Кітапханадан фермаға қарасты барлық еңбеккерлер кітап алып оқитын. Қой бағып жүрген аталарымыз бен ағаларымыздың қоржынынан сыртқы мұқабасы тозған «Абай жолын» көрдім, «Қан мен терді» көрдім, «Махаббат қызық мол жылдарды» көрдім. Ол кезде кітаптың таралымы ондаған мың данамен шығатын. Ал бүгін мың дана таралыммен шыққан кітапқа қуанып жатамыз. Алыс ауылдарға кітаптың жетпеуі де – ойланатын мәселе.
– Өзіңіз соңғы уақытта оқыған үш кітабыңызбен бөліссеңіз...
– Соңғы уақытта оқыған шығармалардан гөрі, оқуға кеңес беретін кітаптарды айтқым келеді. Өзім күнделікті қайта оралып оқитын дүнием – Шәкәрімнің өлеңдері. Ақын шығармаларын қайта-қайта парақтап, әр жолынан жаңа ой табу – менің өмірлік дағдыма айналған. Ал жастарға ұсынар болсам, ең алдымен Мұхтар Мағауиннің «Сары қазағын», Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» және Лев Толстойдың «Будда» әңгімесін оқуға кеңес берер едім. Бұл шығарманы 1918 жылы Мұхтар Әуезов қазақ тіліне аударып, «Абай» журналында жарық көрген. Жалпы, адам баласының бір-біріне құрметпен қарап, кішіпейіл болуына, ұлты мен тіліне қарамастан адамгершілік пен рухани байлықты жоғары қоюына ықпал ететін туындылардың бірі – осы шығарма деп есептеймін.
– Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда отбасы мен білім беру ұйымдарының жауапкершілігі қандай?
– Кітапқа деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала үлкендердің әрекетін қайталайды. Егер үйде кітап оқылса, кітап жайлы әңгіме айтылса, бала үшін оқу өмір салтына айналады.
Ал білім беру ұйымдарының міндеті – осы қызығушылықты дамытып, тереңдету, баланың бойындағы қалыптасқан кітап оқу мәдениетін зерттеуге ұластыруына себепші болу. Мектеп пен университет тек білім беретін орта ғана емес, ойлайтын, ізденетін, рухани бай тұлға қалыптастыратын кеңістік болуы тиіс.
– Сіз көптеген шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстазсыз. Бүгінгі жастардың кітап оқу мәдениеті мен әдебиетке қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Қазіргі қоғамда «Жастар кітап оқымайды» деген сыңаржақ пікір жиі айтылады. Мен бұл көзқараспен келісе алмаймын. Жастар оқиды. Тек олардың оқу дағдысы мен әдеби талғамы біздің буынның түсінігінен өзгеше қалыптасып келеді. Бүгінгі жастар әлем әдебиетіне қызығады, заманауи ой-толғамға құрылған еңбектерді іздеп оқиды, өзін дамытуға бағытталған кітаптарға да ерекше назар аударады. Сонымен қатар ұлттық мазмұндағы еңбектерге деген қызығушылықтың да артып келе жатқанын байқаймыз. Мысалы, «Отбасы хрестоматиясы» ұсынған «Бейсенбай және әдеби майдан», «Қаныш және ғылыми майдан» сияқты кітаптарды арнайы іздеп жүріп оқитын жастар аз емес.
Мысалы, «Абай клубы» үйірмесінде тек филология немесе қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын студенттер ғана емес, өзге бағыттағы жастар да белсенді қатысып, пікір алмасып, шығармаларды бірге талдайды.
Жалпы, бүгінгі ұрпақтың мүмкіндігі мол. Олар міндетті түрде кітап дүкенінен сатып алмай-ақ, цифрлық формат арқылы оқиды. Ең бастысы – оқу мәдениетінің формасы өзгергенімен, кітапқа деген қызығушылық жоғалған жоқ деп ойлаймын.
– Егер Абай бүгінгі жастарға бір ғана өсиет айтар болса, ол қандай ой болар еді деп ойлайсыз?
– Бұл – шынында да оңай сұрақ емес. Себебі Абай – бір ғана дәуірдің емес, бүкіл адамзаттың рухани ұстазы. Оның мол мұрасынан бір ғана ойды бөліп алып айту қиын. Дегенмен бүгінгі қоғамға ерекше қажет болып тұрған құндылықтың бірі – адамгершілік деп ойлаймын. Егер Абайдың бір ғана өсиетін таңдау керек болса, мен оның: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлағатты сөзін атар едім. Бұл – тек ақынның емес, бүкіл адамзатқа арналған терең пәлсапалық ұстаным. Егер осы ой адамдардың санасында берік орнықса, қоғамда орын алып жатқан жантүршігерлік оқиғалар да азая түсер еді. Абайдың ұлылығы – адамды ұлтқа, тілге, нәсілге бөлмей, ең алдымен адам ретінде сүюге шақыруында деп білемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!