«Аманат» партиясының өңірлік бастамалары таныстырылды
«Аманат» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қанат Әділбай Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және білім алушыларымен кездесу өткізді.
Кездесу жиынын университет ректоры Думан Орынбеков ашып, жоғары оқу орындары мен саяси институттар арасындағы өзара әріптестіктің білім беру саласын дамытудағы маңызын атап өтті және мұндай кездесулердің студент жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Жиын барысында Қанат Әділбай қатысушыларды «Аманат» партиясының өңірде және ел көлемінде атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы басым міндеттерге тоқталды. Әсіресе, өңір үшін стратегиялық маңызы бар ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі кеңінен сөз болды.
Спикер Шәкәрім университетінің ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлаудағы рөлін ерекше атап өтті. Осы ретте ветеринария саласы мамандарын ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру, оларды тұрақтандыру және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екені айтылды. Бұл бағытта партия тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны жеткізілді.
Сонымен қатар, Қанат Әділбай Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы қазіргі таңда қоғамдық талқылау сатысында екенін айтып, бұл үдерістің елдегі демократиялық қағидаттардың нығайып келе жатқанын көрсететінін атап өтті. Жаңа Ата Заң жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны айтылды.
Іс-шара барысында университет оқытушылары мен білім алушылары қоғамды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың артуы, қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарға негізделген идеологиялық жұмыс жоспары болуының маңыздылығы, сондай-ақ бұл бағытта қандай нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатқаны жөнінде сауалдар қойылды. Сонымен бірге білім саласын қолдауға арналған партиялық жобалар мен бағдарламалар туралы мәселелер де көтерілді.
Жиын соңында тараптар білім беру ұйымдары мен саяси институттар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту қоғам дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.