Әке – отбасының тірегі: өңірлік форумда әкелер рөлі дәріптелді
Отбасы – қоғамның беріктігін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Ал сол отбасының тұтастығы мен тәрбиелік әлеуетінде әкенің орны ерекше. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау, отбасы институтын нығайту және әкелік жауапкершілікті дәріптеу мақсатында Абай облысында мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, сарапшылар, педагогтер мен белсенді әкелердің қатысуымен «Әке өнегесі – өмірлік сабақ» атты өңірлік форум ұйымдастырылды.
Шәкәрім университетінде өткізілген форум алаңында қатысушылар заманауи қоғамдағы отбасы құндылықтарының өзгеруі, ата-ананың тәрбиедегі жауапкершілігі, жастар арасында кездесетін әлеуметтік мәселелердің алдын алу және әкенің тұлғалық үлгі ретіндегі рөлі төңірегінде пікір алмасты. Іс-шара пленарлық отырыс және тақырыптық пікірталас алаңдары форматында өтті.
Форум жұмысын ашқан Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов алда келе жатқан «Әкелер күнінің» маңыздылығын атап өтіп, ұрпақ тәрбиелеудегі отбасының ерекше рөліне тоқталды.
– Мемлекет басшысы отбасы институтын сақтау мен дамытуға, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге әрдайым айрықша көңіл бөледі. Саналы ұрпақ – мемлекеттің берік негіздерінің бірі. Бұл ретте әкелерге жүктелер жауапкершілік ерекше. Бүгінгі форумның басты мақсаты – әкелерді құрметтеу ғана емес, отбасы институтын нығайту және дамыту, сондай-ақ, жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау. Форум барысында пікір алмасып, әкелер мен балалар арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты ең маңызды мәселелерді қарастырамыз,- деді Арман Жемагулов.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айгерім Сәрсенбаева әкелік жауапкершіліктің әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудағы маңызы және әрбір ата-ананың жеке жауапкершілігі туралы баяндады.
– Әкелер форумы еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келеді және жақсы дәстүрге айналды. Бұл алаңда біз әкелердің лудомания, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты заманауи қоғамның келеңсіз құбылыстарымен күрестегі рөлін талқылаймыз. Қазіргі заманғы әке – жай ғана отбасы басшысы емес, ол балалар тәрбиесіне тікелей ықпал ететін саналы ата-ана. Қоғамда мұндай үлгінің оң нәтижелерін көрсететін мысалдар жеткілікті,- деді Айгерім Сәрсенбаева.
Өз кезегінде тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аман Рахметуллин отбасының қоғамдағы негізгі институт ретіндегі тарихи маңыздылығына және болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершілігіне назар аударды.
– Тарихи тұрғыдан алғанда, отбасы институты кез келген қоғамдағы ең маңызды институттардың бірі болып келген. Отбасынсыз қоғамның дамуы мүмкін емес, өйткені отбасы – тәрбие мен болашаққа бағыт-бағдар беретін орта. Біздің болашағымыз тікелей отбасыға байланысты. Кейбір әкелер: «Балаларым тоқ, киімі бүтін, баспанасы бар, демек мен отбасы үшін бәрін жасап жүрмін» деп ойлайды. Бұл толықтай дұрыс емес. Мұның бәрі – әкенің міндеті. Тәрбие беру де әкенің жауапкершілік аймағына жатады әрі бұл тек ұлдарға ғана емес, қыздарға да қатысты. Лудомания, кибербуллинг және қатыгездік көріністері кей жағдайда әкелік тәрбиедегі олқылықтардың салдары болуы мүмкін. Бұл – қоғам болып талқылауды қажет ететін маңызды мәселе,- деді Аман Рахметуллин.
Пленарлық бөлімнен кейін форум қатысушылары тақырыптық алаңдардағы жұмысты жалғастырып, отбасы тәрбиесінің жаңа тәсілдері мен тәжірибелерін талқылады. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің алдын алу, әкенің отбасы ішіндегі белсенді рөлін күшейту және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен сөз болды.
Мұндай диалог алаңдары отбасы құндылықтарын дәріптеп, жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қоғамдық тетік ретінде бағаланды.