«Әйел – сұлулықтың әуені»
Шәкәрім университетінің ер азаматтары 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйел – сұлулықтың әуені» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған бұл іс-шара университет ұжымындағы әйел затына деген ерекше құрмет пен ілтипаттың көрінісіне айналды.
Мерекелік кешті Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков құттықтау сөзімен ашып, оқу орнының дамуына әйелдер қауымының қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде Шәкәрім университетінде еңбек етіп жүрген 736 қызметкердің 535-і, яғни 70,1 пайызы – әйелдер. Бұл көрсеткіш университетіміздегі білім мен ғылым сапасының тұрақтылығы мен стратегиялық дамуының негізгі тірегі өздеріңіз екенінің айқын дәлелі,- деді ректор.
Сонымен қатар ол академиялық процестің жүйелі жүруі, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелі болуы және жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі әйелдер қауымының қажырлы еңбегі университеттің алға қойған мақсаттарына жетуіне зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз кез келген күрделі міндетті жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып жүрген баршаңызға зор денсаулық, амандық, баянды бақыт, сарқылмас күш-қуат және толағай табыс тілеймін. Көктемнің шуақты мерекесі әрдайым шабыт пен көтеріңкі көңіл күй сыйласын!- деп ізгі тілегін жеткізді.
Кеш барысында университеттің қыз-келіншектеріне көктемнің алғашқы гүлі – жауқазын тарту етіліп, мерекелік көңіл күй сыйланды. Әсем әндер шырқалып, мың бұралған билер орындалып, күмбірлеген күй кештің көркін аша түсті. Сондай-ақ, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, жарасымды әзілдер айтылып, мерекелік кеш ерекше әсерге бөледі.
Мереке қарсаңында университеттің бірқатар қызметкерлері еңбектегі жетістіктері үшін арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, бірқатар әріптестер «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Шәкәрім» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, университет ректорының Алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік кеш көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көктемнің алғашқы мерекесінің ерекше сәнін келтірді.