Абай өңірінің археологиялық мұрасы ғылыми айналымға еніп келеді
24 желтоқсан күні Алматы қаласында – Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының конференция залында «Абай облысының археологиясы: аралық қорытындылар, жаңа деректер және даму бағыттары» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Ғылыми басқосуға Шәкәрім университетінің, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, сондай-ақ Назарбаев Университетінің жетекші ғалымдары мен жас зерттеушілері қатысты.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелді Шәкәрім университеті мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп өткізді.
Жиынның негізгі мақсаты – Абай облысы аумағында 2025 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулердің аралық нәтижелерін саралау, тың ғылыми деректерді ғылыми айналымға енгізу және өңір археологиясын дамытудың өзекті бағыттарын айқындау болды.
Дөңгелек үстел барысында тас дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі кең хронологиялық ауқымды қамтитын мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сондай-ақ археологиялық мұраны құжаттандыру мен сақтауда цифрлық технологияларды қолдану, геоматика мен цифрлық археологияның заманауи әдістері кеңінен талқыланды.
Талқылау бөлімінде қатысушылар Абай облысының археологиялық картасын жүйелі түрде толықтыру, жаңадан анықталған ескерткіштерді кешенді зерттеу, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі халықтық білімін пәнаралық тәсілдер арқылы ғылыми зерттеулерге енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар алынған нәтижелерді ғылыми басылымдар мен цифрлық платформалар арқылы көпшілікке қолжетімді ету қажеттігі атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша өңір археологиясын жүйелі әрі мақсатты түрде зерттеуді жалғастыру, далалық және зертханалық жұмыстардың ғылыми сапасын арттыру, сонымен қатар, Абай облысын болашақта ғылыми жобалар мен зерттеу бастамаларына кеңінен тарту жөнінде нақты ұсыныстар тұжырымдалды.