Абай ауданында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы өтті
Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының 18 мамыр күні жас ғалымдармен өткен кездесуде ғылымды дамытуға бағытталған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай ауданының Қарауыл ауылында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Өңірлік ғылым мен өндіріс байланысын нығайтуды мақсат еткен маңызды жиынға Ғылыми кеңес мүшелері, Абай ауданының шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Көшпелі отырыс аясында Шәкәрім университетінің ғылым мен жаңашылдықты ұштастырған озық жобалары мен жетістіктерін таныстыратын арнайы көрме ұйымдастырылып, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұловтың құттықтау сөзімен салтанатты түрде ашылды.
Жиын барысында Абай ауданы мен Шәкәрім университеті арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды құжат – Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Қос тарап арасындағы серіктестік негізі алғаш рет 2008 жылы қаланған болатын. Бүгінгі басқосу – сол берік байланыс пен тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы ретінде жаңа мазмұнмен толығып, екіжақты әріптестіктің жаңа белесін айқындады.
Ғылыми кеңестің ресми ашылуында Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректор Думан Орынбеков Абай ауданының әкіміне және бірқатар шаруа қожалықтарының өкілдеріне марапаттар табыстады. Сонымен қатар, Абай ауданы бойынша 15 «Алтын белгі» үміткеріне «Шәкәрім білім грантының» сертификаттары ұсынылып, болашақ білім алушыларға қолдау көрсетілді. 2024 жылы облыс бойынша 224 «Алтын белгі» үміткеріне сертификат ұсынылса, 2025 жылы – 363, ал биыл 434 түлекке табысталып отыр.
Шәкәрім университеті өңірдегі іргелі ғылыми-инновациялық орталық ретінде ғылым мен өндіріс арасындағы алтын көпірді бекемдей отырып, экономиканың нақты секторымен өзара ықпалдастықты тереңдету бағытындағы жүйелі жұмыстарын табысты жалғастырып келеді.
Білім мен біліктің, терең ізденіс пен жаңашылдықтың тоғысқан ордасы саналатын Шәкәрім университеті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін заманауи ғылыми бастамаларды жүзеге асырып, ел игілігіне қызмет ететін озық жобаларды өндіріспен тиімді ұштастыруда. Ғылым жетістіктерін тәжірибемен сабақтастыра отырып, оқу орны өңірлік дамудың жаңа белестеріне жол ашатын маңызды бастамалардың ұйытқысына айналып келеді.
Жиын барысында ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы мен интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай «Өңірлік ғылым: технологиялар, зерттеулер, даму» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Қасқабұлақ» ЖШС директоры Асқар Мұқатаев Австралияға іссапары барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Күн тәртібінде ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер де қарастырылды. Ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Балнұр Ахметова «Қой шаруашылығындағы заманауи технологиялар: фермерге тиімді шешімдер» тақырыбында баяндама жасады. Іс-шара соңында Ғылыми кеңестің қаулы жобасы жан-жақты талқыланып, өңір ғылымын дамытуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.
Өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған бұл мазмұнды басқосу ғылым, білім және өндіріс салаларының өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеріп, аймақ дамуына тың серпін береді. Білім мен инновацияны ұштастырған орта ретінде Шәкәрім университеті алдағы уақытта да өңірлік ғылымды өркендетуге, жас буынның зияткерлік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал ететін стратегиялық маңызды бастамалардың бастауында тұра бермек.