Абай әлемінің абызына арналған рухани іс-шара
Шәкәрім университеті жанындағы «Шәкәрімтану» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі әрі жарыққа шығарушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» тақырыбында тағылымды іс-шара өтті.
Рухани-танымдық бағытта өткен бұл жиынға орталық басшысы, әдебиеттанушы-философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрдықұл Шаңбай, «Шәкәрім музейі» қорының сақтаушысы Гүлнұр Төртенова, Shakarim High School мектебі директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ернар Каженов, Innovation Hub бөлімінің үйлестірушісі Мейір Оразғалиев, сондай-ақ университет кітапханасының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Қайым Мұхамедхановтың сан қырлы ғылыми мұрасы, ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегі, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын зерттеудегі тарихи рөлі кеңінен сөз болды. Қатысушылар ғалымның азаматтық ұстанымы, қайраткерлік болмысы мен адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталды.
Жиында сөз алған Тұрдықұл Шаңбай ұстазын тебірене еске алды:
«Мен Қайым ағаның шәкіртімін. Студент кезімде Кәкеңнің жетекшілігімен дипломдық жұмыс жаздым. Дипломдық жұмысқа Шәкәрімнің шығармаларын қосқанымыз үшін ұстазым екеуміздің біраз әуре-сарсаңға түскеніміз әлі есімде. Ұстазыммен байланысым ол өмірден өткенше үзілген жоқ. Қайым аға мені інім дейтін. Өз еңбектеріне қолтаңбасын қойғанда «ініме» деп жазатын. Бұл – оның адамға деген ерекше ілтипатының, кең пейілінің белгісі еді.
Абай мен Шәкәрімнің мұрасын зерттеуде Қайым ағаның еңбегі орасан. Ғалым өзі жасақтап, басқарған Абай музейінде басшы болғанымда да, қазір «Шәкәрім» ғылыми орталығын басқарып отырғанда да осы терең еңбектің ізін байқаймын»-деді ол.
Тағылымды кездесуде Қайым Мұхамедхановтың ғалымдық жолы мен рухани мұрасы жас ұрпаққа өнеге екені, оның еңбектері ұлттық сананы қалыптастыруда айрықша маңызға ие екені атап өтілді. Іс-шара қатысушылары ғалымның мұрасын насихаттау мен зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді дейді.
Университеттегі "Шәкәрім музейінде" Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы мүйіс бар. Онда жинақталған ғалымның еңбектері, архивтік материалдары мен сирек басылымдары оның абайтану мен шәкәрімтану ғылымындағы өлшеусіз үлесін айқындай түседі.