Жаңалықтар 27.04.2026 124

Жас ғалымдар мен еуропалық дипломаттар диалогы

Жас ғалымдар мен еуропалық дипломаттар диалогы

Бүгін Шәкәрім университетінде өткен мазмұнды кездесуді рухани әрі зияткерлік үндестіктің жарқын көрінісі деуге болады. Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігі елшісінің орынбасары Ааро Илитало бастаған делегация құрамында Португалия, Латвия, Швеция, Бельгия, Испания, Болгария, Германия және өзге де Еуропалық Одаққа мүше елдердің дипломатиялық өкілдері болды.

Қонақтарды университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бейімбет Дәрібаев ілтипатпен қарсы алып, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде университеттің қалыптасу тарихына, құрылымдық жүйесіне, ғылыми жетістіктеріне және халықаралық байланыстарына кеңінен тоқталды. Шәкәрім университетінің бүгінгі таңда колледжден бастап бакалавриат, магистратура, докторантура және постдокторантураға дейінгі толық білім беру жүйесін ұсынатынын және оқу орнының АҚШ, Германия, Нидерланды, Ұлыбритания, Жапония, Түркия және басқа да әлемнің 37 елінің 60-тан астам университетімен тығыз әріптестік орнатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Ааро Илитало Қазақстанды тереңірек тану үшін тек елордамен шектелмей, өңірлерді аралаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол делегацияның Абай музейіне жасаған сапары туралы айтып, қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болғандарын жеткізді.

«Біз Астанада жұмыс істегенімізбен, Қазақстанды тереңірек тану үшін оның өңірлеріне сапар жасау аса маңызды. Бүгін Абай музейіне барып, елдің тарихы мен мәдениеті туралы мол мағлұмат алдық. Мұндай кездесулер біздің өзара түсіністігімізді арттыра түседі»,-деді ол. Сонымен қатар, алдағы уақытта Қазақстанның гуманитарлық құндылықтары мен ядролық қаруды таратпау ісіндегі рөлі туралы да кеңірек мәлімет алуға ниетті екендерін білдірді.

Ол білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталып өтті:

«Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында «Эразмус+» және «Горизонт Европа» бағдарламалары аясында берік байланыс орнаған. Біз де Еуропалық Одақ тарапынан бірқатар мүмкіндіктерді ұсынуға дайынбыз. Бұл серіктестік алдағы уақытта жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін»- деді Ааро Илитало.

Кездесу барысында аталған бағдарламалардың жас ғалымдар мен студенттерге халықаралық тәжірибе алмасуға, ғылыми әлеуетін арттыруға кең мүмкіндік беріп отырғаны айтылды.

Жас ғалымдар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, дипломаттардан мазмұнды әрі жан-жақты жауаптар алды. Еркін пікір алмасу түрінде өткен бұл кездесу екі тараптың да өзара түсіністігін тереңдетіп, болашақ әріптестіктің берік негізін қалағаны анық.

Сапардың соңында мәртебелі меймандар университет жанындағы Шәкәрім музейіне арнайы барып, ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі және шығармашылығымен танысты. Дала данышпанының терең философиялық мұрасы қонақтарға ерекше әсер қалдырды.

Осылайша, Шәкәрім университетінде өткен бұл жүздесу білім мен мәдениетті тоғыстырған, елдер арасындағы достық пен өзара сенімді нығайтқан тағылымды кездесу ретінде есте қалды.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру