Жаңалықтар 22.04.2026 108

Жаңашыл ұстаз жетістігі!

Жаңашыл ұстаз жетістігі!

Сәуірдің 16-17 күндері Семей қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары арасындағы "Білім беру" саласы бойынша кәсіби шеберлік байқауының республикалық кезеңі өткен еді. Абай облысы Білім басқармасының қолдауымен және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарының инновациялық орталығының ұйымдастыруымен М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж қабырғасында өткен байқауда еліміздің 16 өңірінен жиналған 33 талантты ұстаз арнайы және жалпы білім беретін пәндер бойынша өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісті.

Қатысушылардың кәсіби деңгейі байқау ережесіне сай үш негізгі бағыт бойынша жан-жақты бағаланды. "Мен және қоғам" модулінде педагогтер өздерінің кәсіби ұстанымдарын, қоғам алдындағы жауапкершілігін үш минуттық бейнеролик арқылы көрсетті. "Әдістемелік әзірлеме (өнім)" модулінде әр ұстаз өздерінің авторлық әдістемелік материалдарын қысқаша таныстырып, олардың мазмұндық және практикалық құндылығын дәлелдеді. Ал "Мультимедиялық технологиялар" модулінде заманауи цифрлық құралдарды шебер қолдана отырып, берілген уақыт ішінде жоба әзірлеп, оны сәтті қорғады.

Қатысушылардың жұмыстары әзірлеме идеясының өзектілігі мен жаңашылдығы, білім беру саласындағы қазіргі заманғы үрдістерге сәйкестігі, мазмұнның ғылыми-әдістемелік тереңдігі, жобаның жүйелілігі, баяндаудың айқындылығы мен нақтылығы, тілдік сауаттылығы, сондай-ақ педагогтердің инновациялық қызмет түрлерін тиімді қолдану деңгейі бойынша мұқият сарапталды. Мұндай кешенді бағалау жүйесі әрбір педагогтің кәсіби шеберлігін жан-жақты ашуға мүмкіндік берді.

Бұл беделді байқауда Абай облысының намысын қорғаған Шәкәрім жоғары колледжінің жалпы білім беру пәндерінің оқытушысы Сымбат Аянқызы Тұрғалиева жүлделі ІІІ орынды иеленді. Оның бұл жетістігі – кәсіби біліктілігі мен педагогикалық шеберлігінің айқын көрінісі. Колледж ұжымы және жеңімпаз ұстаз Сымбат Аянқызын шын жүректен құттықтаймыз!

Оның жетекшісі Гүлмира Мақашқызы Ноғаеваның да еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл байқау – педагогтердің кәсіби дамуына, білім берудің жаңа бағыттарын игеруіне және оқытудың тиімді әдістерін іздеуіне жол ашатын маңызды іс-шара болғаны анық.

Жаңашыл ұстаз жетістігі!
Жаңашыл ұстаз жетістігі!

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру