«Таза Қазақстан» аясындағы тағылымды сайыс
Бүгін Шәкәрім университеті қабырғасында «Химия және экология» кафедрасының ұйымдастыруымен Абай облысындағы жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушылары «Eco-start» облыстық олимпиадасында бақ сынады.
Экология пәнінен өткізілген білім додасының басты мақсаты – жас ұрпақтың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру, экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, табиғатқа жанашырлықпен қарауға негізделген терең патриоттық сезімге тәрбиелеу, өмірге деген белсенді ұстанымды дамыту да ұйымдастырушылар мақсатының бірі.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов сөз алып, қатысушылар мен жетекші ұстаздарға алғысын білдірді. Ол экология мәселесі бүкіл әлем үшін өзекті тақырыпқа айналып отырған қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен бастау алып, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін, бұл бағытта «жасыл экономика», жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, экологиялық таза өндірісті дамыту маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, осындай білім сайыстары жас буынның қабілетін шыңдауға зор септігін тигізеді деді.
Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Любовь Скрипникова қоршаған ортаны қорғаудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде қазіргі таңда экологиялық мәселелердің тек бір аймақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ проблемасына айналғанын атап өтті. Әсіресе, Қазақстандағы күрделі экологиялық ахуалдарға назар аударып, Арал теңізі тартылуы табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына, климаттың өзгеруіне және халық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіргенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар Семей ядролық полигоны аймағындағы сынақтардың ұзақ жылдар бойы қоршаған орта мен адамзатқа тигізген зардаптарын атап өтіп, оның салдары әлі күнге дейін сезіліп отырғанын жеткізді. Радиациялық әсердің табиғатқа ғана емес, бірнеше ұрпақтың денсаулығына ықпал еткені – экологиялық жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсететін ащы сабақ екенін айтты.
Оқушылар білім бәйгесінде бақ сынап жатқан тұста біз қатысушылардың жетекшілері – мектеп ұстаздарымен тілдескен едік.
№8 орта мектеп оқушысы Алмас Ахметқалидың жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Мирагүл Ахметжанова шәкіртінің білімге деген ынтасы мен табандылығына ерекше тоқталды. 7 сыныптан бері біліммен сусындатып, бала қырандай баулып келе жатқан ұстаз оқушысының жүйелі дайындық пен ізденістің арқасында биыл облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі үшінші орынды иеленгенін жеткізді. Сонымен қатар, алдын- ала сынақта 139 балл жинап, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайын екенін дәлелдеп келеді дейді.
«Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» демекші, ұстаз еңбегі мен шәкірт талпынысы ұштасқан тұста мұндай жетістіктердің заңдылығы айқын көрінеді. Бұл олимпиада – тек білім бәсекесі ғана емес, табиғатты аялауды өмірлік ұстанымға айналдыратын маңызды іс-шара болды деуге толық негіз бар.