Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған құттықтауы
Құрметті оқытушылар, қызметкерлер, білім алушылар!
Қымбатты ардагерлер және мектеп оқушылары!
Сіздерді 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тіл – адамзат өркениетінің ең ұлы құндылықтарының бірі. Ол ұлттың тарихи жадын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды, халықтың дүниетанымы мен рухани болмысын танытады. Сондықтан тілді құрметтеу – өткенді бағалау ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Қазақстан халқының тілдері күні – еліміздегі этностардың тілдері мен мәдениеттеріне деген құрметті дәріптейтін, қоғамдық келісім мен өзара түсіністіктің құндылықтарын нығайтатын тағылымды мереке. Әр тіл – белгілі бір халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани әлемінің көрінісі. Осы алуандықты сақтау – ел байлығын сақтау.
Сонымен қатар бұл мереке мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін терең сезінуге мүмкіндік беретін маңызды күн. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, елдің қоғамдық-саяси, мәдени және ғылыми кеңістігін біріктіретін ортақ құндылық. Оның мәртебесін арттыру, қолданылу аясын кеңейту және келер ұрпақтың санасына сіңіру – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті.
Бүгінгі университет үшін тіл мәселесінің маңызы айрықша. Өйткені жоғары білім беру кеңістігі – ғылыми ой мен жаңа идеялардың, мәдениеттер мен көзқарастардың тоғысатын ортасы. Ғылымның дамуы, сапалы білім беру, кәсіби маман даярлау үдерістерінің барлығы тілмен тікелей байланысты. Ана тілін терең меңгерген, өзге тілдерді құрметтеп, еркін игерген білімді ұрпақ – елдің интеллектуалдық әлеуетінің маңызды негізі.
Бұл атаулы күннің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтасуының да мәні зор. 5 қыркүйек – қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, ағартушы, педагог, әдебиеттанушы, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күн.
Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл ғұмыры қазақ халқының тілі мен руханиятын сақтауға, ағартуға және ұлттық сананы қалыптастыруға арналды. Ғалымның «Тіл – құрал» еңбегі қазақ тіл білімінің ғылыми жүйесін қалыптастыруда айрықша орын алды. Ол қазақ тілінің грамматикалық құрылымын жүйелеп қана қоймай, бүгінге дейін қолданылып келе жатқан көптеген ғылыми терминдердің негізін қалады. Зат есім, сын есім, етістік, есімдік, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем секілді тіл біліміндегі атаулар – ғалымның қазақ ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір бөлігі.
Оның «Әдебиет танытқыш» еңбегі де қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуына үлкен жол ашқан іргелі зерттеу болды. Осы еңбектері арқылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін тек қарым-қатынас құралы ретінде емес, ұлттың рухани негізі, ғылым мен білімнің тілі ретінде орнықтыруға қызмет етті.
Ұлт ұстазының мұрасы бізге бір маңызды ақиқатты аманаттайды: тілдің болашағы оны қаншалықты жақсы көретінімізбен ғана емес, оны күнделікті өмірде, білімде, ғылымда және кәсіби ортада қаншалықты сапалы қолданатынымызбен айқындалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деген болатын.
Сондықтан Тілдер күні – өткенге тағзым ететін ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын күн. Бұл күні біз ана тілімізге деген құрметімізді арттырып, мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесімізді қосу қажеттігін тағы бір мәрте сезінеміз.
Университетімізде тіл мен ғылымның, білім мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығын нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Жастардың тілге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, қазақ тілінің ғылыми және кәсіби қолданысын кеңейту, көптілді білім беру ортасын дамыту – білім ордасының маңызды міндеттерінің бірі.
Тіл – ұлттың ғана емес, тұтас елдің рухани тірегі. Тіліміз тұғырлы болса, рухымыз биік, бірлігіміз бекем, болашағымыз баянды болмақ.
Осы айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби жетістіктер тілеймін!
Қазақ тілінің мәртебесі биіктей берсін!
Тіліміз – тұғырлы, бірлігіміз – бекем, болашағымыз – жарқын болсын!
Қазақстан халқының тілдері күні құтты болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков