Шәкәрім есімі – әр студентке жүктелер жауапкершілік
Түлек лебізі
Ерлан ЖҰМАТАЕВ
Семей технологиялық институты, Кеңес Армиясы қатарындағы әскери қызмет, Семей ет комбинатындағы инженерлік еңбек... Одан кейінгі тағдыр жолы мені ішкі істер органдарына, қылмыстық іздестіру қызметіне алып келді. Кейін жиырма жылға жуық қаржы полициясы органдарында қызмет атқардым. Қазір – еңбек демалысындағы зейнеткермін. Үлкен отбасым бар.
Біздің институтымыз әрдайым мықты инженерлік мектебімен бағаланатын. Мұнда бізге іргелі білім беріп, ойлануды, шешім қабылдауды, өз мамандығымызды құрметтеуді үйретті. Ұстаздарымыз өз ісінің нағыз кәсіби мамандары еді. Сондықтан да институт түлектері еліміздің ең ірі кәсіпорындарында еңбек етті.
Кейін институт университетке айналды. Бүгінде ол ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленіп отыр. Бұл мен үшін айрықша мәнге ие. Мен Абай ауданында дүниеге келдім. Шәкәрім – біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің, рухани жадымыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан университетке Шәкәрім есімінің берілуін өз тамырымызға, рухани бастауымызға қайта оралу деп қабылдаймын.
Университеттің маңдайшасындағы Шәкәрім есімі осында білім алып жүрген әр студентке үлкен бағдар, биік талап қояды. Әсіресе, осы топырақта туған әр азамат үшін бұл есімнің орны бөлек. Шәкәрім адамды білімді болуға, еңбек етуге, өзін жетілдіруге үндеді. Меніңше, университет түлектері де дәл сондай білімді, еңбекқор, елге пайдасын тигізер азамат болып қалыптасуы керек. Сондықтан бүгінгі студенттерге айтар тілегім – Қазақстанның нағыз азаматы болыңыздар. Ұстаздарды құрметтеңіздер. Қай жерде жүрсеңіздер де, туған жеріңіз бен түп тамырыңызды ұмытпаңыздар. Диплом үлкен өмір жолының соңы емес, бастауы ғана екенін есте ұстаңыздар.
Туған қалам Семейге, барша курстастарыма, бізге білім берген ұстаздарға және Шәкәрім университеті ұжымына толағай табыс, жаңа жетістіктер, кемел даму мен береке тілеймін!