Ғылыми журналдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары талқыланды
Шәкәрім университетінде ғылыми басылымдарды дамытуға арналған маңызды кездесу өтті. Университеттің ғылыми журналдарының редакторлары мен редакциялық алқа мүшелері жиналып, "Ғылыми басылымдарды стратегиялық дамыту" тақырыбында семинар өткізді.
Семинарға Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының өкілі Нұрсұлтан Қайнбаев қатысып, ғылыми журналдарды дамытудың қазіргі заманғы талаптары, Қазақстандық ғылыми дәйексөз келтіру базасының мүмкіндіктері және ғылыми процестерді цифрландыру мәселелері туралы терең мазмұнды баяндама жасады.
Кездесу барысында ғылыми журналдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар авторлық құрамды сапалы қалыптастыру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, шетелдік ғалымдардың қатысуын көбейту және жарияланған мақалалардың ғылыми ықпалын күшейту бағыттары бойынша өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, редакциялық процестерді цифрландыру, ашық ғылым қағидаттарын енгізу және ғылыми нәтижелердің әлемдік ақпараттық кеңістікте кеңінен таралуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара аясында ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына ұсыну мәселелері де қаралды. Нұрсұлтан Алмасұлы ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру тәртібі, өтінімдерді бағалау процесі және жобалық құжаттаманы дайындау кезінде жиі жіберілетін қателіктер туралы құнды ақпаратпен бөлісті.