Бауырлас елдердің білім саласындағы серіктестігі нығая түспек
Шәкәрім университетінде Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) Қазақстандағы Үйлестірушісінің орынбасары Али Куртпен кездесу өтті. Университет басшылығымен кездесу барысында тараптар білім, мәдениет және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде университет ректоры Думан Орынбеков TİKA ұйымының Шәкәрім университетінде түрік тілі дәрісханасын ашуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ректор бұл бастама екі ел арасындағы мәдени-білім байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.
«Бұл – біздің бірлескен алғашқы жобаларымыздың бірі деп білеміз. Бауырлас халықтар ретінде бір-біріміздің мәдениетімізді танып, тілімізді дамытуға, ортақ құндылықтарымызды сақтауға бағытталған жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз»,- деді ол.
Өз кезегінде TİKA ұйымының Қазақстандағы үйлестірушісінің орынбасары Али Курт Қазақстанның Түркия үшін ерекше маңызға ие ел екенін атап өтті.
«Қазақстан біз үшін Атажұрт болып саналатындықтын, бауырлас халықтар арасындағы серіктестікті нығайтуға, ынтымақтастығымызды арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру әрдайым біздің басты мақсатымыз»,- деді ол.
Сонымен қатар Али Курт Түркиянің халықаралық білім беру бағдарламалары туралы да ақпаратпен бөлісті. Оның сөзінше, Түркия тарапынан жүзеге асырылатын «Türkiye Bursları» («Түркия гранттары») бағдарламасы шетелдік студенттерге арналған мемлекеттік білім беру гранттарын ұсынады.
«Алдағы уақытта сіздердің университеттеріңізбен тәжірибе алмасу, академиялық байланыстарды кеңейту және жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытында қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркия бағдарламаларына Қазақстан тарапынан сұраныс жоғары. Сондықтан Қазақстанға бөлінетін гранттар санын арттыруға да ерекше назар аударылып келеді»,- деді Али Курт.
Сондай-ақ, ол болашақта «Түркия гранттары» бағдарламасының мамандары Шәкәрім университетіне арнайы келіп, студенттерге бағдарлама шарттары мен мүмкіндіктерін таныстыра алатынын жеткізді. Мұндай кездесулер студенттердің халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуына жол ашып қана қоймай, Шәкәрім университетінің шетелдік студенттерге арналған білім беру мүмкіндіктерін Түркияда танытуға да ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай екіжақты серіктестікті дамытуға бағытталған бірнеше ұсыныс білдірді. Ол университетте түрік тілін оқыту бағытындағы жұмысты жалғастыру, сондай-ақ, тарих және археология салаларында ғылыми ынтымақтастық орнату мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Айта кету керек, TİKA – Түркия Республикасының шетелдегі өкілдіктері арқылы халықаралық гуманитарлық және техникалық көмекті ұйымдастыратын мемлекеттік ұйым. Агенттік реставрация, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы, сондай-ақ әкімшілік және азаматтық инфрақұрылымды дамыту сияқты көптеген салаларда қызмет атқарады.
Қазіргі таңда TİKA Орталық Азия, Балқан елдері, Африка, Шығыс Азия және Латын Америкасын қоса алғанда шамамен 150 елде жобалар жүзеге асырып келеді. Агенттіктің орталық басқармасымен қатар 59 елде орналасқан 61 бағдарлама үйлестіру кеңсесі бар. Осы кеңселер арқылы ұйым кең географиялық ауқымда түрлі әлеуметтік-экономикалық және білім беру жобаларын іске асыруда.
Шәкәрім университеті мен TİKA арасындағы бұл кездесу екі ел арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі деуге болады.