Жаңалықтар 09.06.2026 50

Ұлы даланың үні әлемдік рекордқа жол тартты

Ұлы даланың үні әлемдік рекордқа жол тартты

Қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде танытып, ұлттық мәдени мұраны әлемдік кеңістікке шығаруға бағытталған тарихи бастаманың қарсаңында 2026 жылғы 10 маусым күні Семей қаласында Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихаты өтті.

Жиын Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Арқашұлы Қабышевтің қазақтың дәстүрлі 100 әнін үзіліссіз орындап, халықаралық рекордтар реестріне енгізуге бағытталған мәдени жобасына арналды.

Баспасөз мәслихатына Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай, Шәкәрім университетінің Стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов, халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген, сондай-ақ жобаға сарапшылық баға беретін белгілі өнер қайраткерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіпов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нұржан Жанпейісов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында сөз алған Олжас Соғымбай қазақтың дәстүрлі ән өнері ғасырлар бойы Арқа, Жетісу, Батыс, Алтай және Сыр бойы мектептері арқылы қалыптасып, ұлттық руханияттың алтын арқауына айналғанын атап өтті.

– Абай елі – сол ұлы мектептердің қайнарынан нәр алған, ұлттық өнердің алтын бесігі. Бұл – ән атасы атанған Әмірені тудырған текті топырақ, алашқа ән оздырған Әсет мұрасымен өрілген, кейінгі кезеңде Жәнібек Кәрменовтің, Болат Сыбановтың, Тұрсынғазы Рахимовтың , Санақ Әбеуов пен Келденбай Өлмесековтердің шығармашылығымен толыға түскен өнегелі өнер көші. Ал осы өнер көшінде өзіндік қолтаңбасы бар Қайрат Қабышев ағамыз астана мен алып шаһарларға аттанбай, қара өлеңнің Қағбасы атанған қасиетті Қарауылдағы қара шаңырақта қалып, өнерге қызмет етудің өнегесін көрсетті. Бүгінде Шәкәрім шаңырағында шәкірт тәрбиелеп, шабыттың шоғын үрлеп, дәстүрлі әннің шырағын жағып, ұлт өнерінің аманатын келер ұрпаққа табыстап келеді,- деді басқарма басшысының орынбасары.

Ал халықаралық Global Best of Records ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген бұл бастаманың жеңіл сынақ емес екенін ерекше атап өтті.

– Бұл – күрделі әрі жауапкершілігі жоғары рекордтардың қатарына жатады. Мұнда тек орындаушылық қабілет бағаланбайды. Бұл – қоғамдық, тарихи, мәдени маңызы бар жоба. Сондықтан бұл жеке адамның жетістігі ретінде емес, қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған бастама ретінде қарастырылады,- деді ол.

Өз кезегінде әнші, өнертанушы Еркін Шүкіман бұл жобаның қазақ ән өнері тарихындағы өзгеше құбылыс екенін айтты.

– Арғы сал-серілер дәуірінде де, кейінгі кәсіби қазақ әншілері арасында да бір мезетте жүз ән орындап, рекордтық көрсеткіш жасаған орындаушы болған емес. Қайрат Қабышевтің осы іске тәуекел етуі – қазақ әнінің кең тынысын, қазақ әншісінің вокалдық қуатын танытатын ерекше қадам. Ол Арқа дәстүрінің өкілі бола тұра, қазақтың бес әншілік мектебінің бәрінен ән орындамақ. Мұнда бастысы – сан емес, сапа. Қазақ әнінің тынысы, вокалдық ерекшелігі көрінеді. Бұл өте үлкен тарихи, мәдени, қала берді, саяси маңызы бар іс. Ұлттық деңгейдегі маңызды оқиға. Осы арқылы әлемге қазақ әнінің шынайы болмысын көрсетуге мүмкіндік туады,- деді ол.

Ертең, 10 маусым күні сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін Семей қаласында өңіріміздің дәстүрлі әншісі Қайрат Қабышев бір орындаушының 100 дәстүрлі әнді үзіліссіз орындауы бойынша әлемдік рекорд орнатуға бағытталған мәдени жобасын жүзеге асырады. Аталған нәтиже халықаралық ұйым қарауына ұсынылады.

Құрметті әріптестер, білім алушылар! Абай облысының тұрғындары, өнерсүйер қауым!

Сіздерді Шәкәрім университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Қайрат Арқашұлы Қабышевтің қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемдік деңгейде танытуға бағытталған ерекше мәдени оқиғасының куәсі болуға шақырамыз.

Бұл – бір орындаушының ғана емес, ұлт руханиятының биігін айқындайтын тарихи сәт.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру