Ғылым 25.04.2026 106

Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында

Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында

Қазақстандық университеттер RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесінде экология және тұрақты даму саласындағы ауқымды ғылыми әзірлемелерін таныстырды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

Өңірлік экологиялық саммит аясында мемлекеттер басшылары RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесін аралады. Көрмеде «жасыл» энергетика, табиғи ресурстарды басқару және тұрақты даму салаларындағы елдердің негізгі ұлттық басымдықтарын айқындайтын павильондар ұсынылды.

Саммиттің панельдік сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Жасыл технологиялар мен тұрақты экономиканы дамыту қуатты ғылымсыз және жаңа буын кадрларын даярлаусыз мүмкін емес. Біз білім беру жүйесін экономиканың сұранысына сай жаңғыртып жатырмыз – жасанды интеллект, инженерия және климаттық технологиялар бағыттарын дамытып, индустриялық PhD бағдарламасын енгізіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты күшейтіп, энергетикалық жобалар үшін кадрлық негіз қалыптастырып келеміз»,- деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының ұлттық экспозициясына еліміздің сегіз жетекші жоғары оқу орны қатысып, Қазақстан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттері мен халықаралық делегацияларға экология және климат мәселелерін шешуге бағытталған кешенді ғылыми әзірлемелерін таныстырды.

Отандық университеттер іргелі зерттеулерден бастап нақты технологиялық шешімдерге дейінгі, сондай-ақ «жасыл» экономикадағы бизнес-кейстерді енгізуге бағытталған бірізді жүйелі тәсілді көрсетті.

Көрмеде Шәкәрім университеті тұрақты даму қағидаттарына негізделген ғылыми-білім беру шешімдерінің кешенін ұсынды. Соның ішінде негізгі жоба ретінде ғылыми әзірлемелерді, білім беру ресурстарын және агроөнеркәсіп саласына арналған практикалық құралдарды біріктіретін Agrosector цифрлық платформасы ұсынылды.

Аталған платформа технологиялар трансферін жүзеге асырып, аграрлық әлеуетті талдауға және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол ғылым, бизнес және фермерлік қауымдастық арасындағы тиімді өзара байланысты қамтамасыз етеді.

Университет экспозициясы төрт негізгі бағыт бойынша құрылымдалды:

Green Energy – жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі саласындағы жобалар, соның ішінде тәжірибелік қондырғылар мен ауыл шаруашылығы дақылдарын бейімдеуге арналған зерттеулер;

Food Tech – азық-түлік технологиялары бағытындағы оннан астам ғылыми жоба, оның ішінде инновациялық және функционалды сүт өнімдері;

Green Tech – қайталама ресурстарды өңдеу (металлургия, мұнай өңдеу) және биологиялық құндылығы жоғары, экотуризм аясында ілгерілету әлеуеті бар «Фито-лайф» фито-шай өндірісі жобасы;

Upcycling – ресурстарды қайта пайдалану мен қалдықтарды жоғары қосылған құны бар өнімдерге айналдыруға негізделген циркулярлық экономика шешімдері.

Жалпы алғанда, еліміздің жоғары оқу орындары тарапынан ұсынылған жобалар Қазақстандағы ғылым, білім және инновацияның тиімді интеграцияланғанын көрсетеді.

Экологиялық бағыт мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдығы екені белгілі. Еліміздің жоғары оқу орындары климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты экономиканы қалыптастыру бағытында шешімдер әзірлейтін жетекші орталықтарға айналып отыр.

Отандық университеттердің RES 2026 EXPO халықаралық көрмесіне қатысуы олардың халықаралық ғылыми ынтымақтастықтағы рөлінің артып келе жатқанын және «жасыл» технологияларды жаһандық деңгейде ілгерілетуге қосып отырған үлесін айқын көрсетеді.

Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында
Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында
Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында
Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында
Шәкәрім университетінің «жасыл» жобалары – EXPO алаңында

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру