Шәкәрім университетінің оқытушысы дүниежүзілік рекордтар кітабына енді
Қазақтың дәстүрлі ән өнері тағы бір тарихи белесті бағындырды. Абай елінде ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатқан ерекше оқиға орын алып, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Арқашұлы Қабышев этномәдениет саласы бойынша Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.
Өнер иесіне ресми түрде рекорд иегері сертификаты табысталып, алғашқы рекорды үшін арнайы Күміс медаль мен естелік статуэтка ұсынылды. Бұл – тек жеке жетістік емес, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуының айқын көрінісі.
Қайрат Қабышев рекордтық орындау барысында қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы бір сәтке де тоқтамай орындап шықты. Ережеге сәйкес әр 25 ән сайын 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, әнші бұл жеңілдікті пайдаланбады. Ең бастысы – барлық әнді нотасыз, мәтінсіз, өз аспабымен сүйемелдей отырып орындады.
Осы тарихи сәтке арнайы қатысқан халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген бұл жетістіктің әлемдік деңгейдегі сирек құбылыс екенін ерекше атап өтті.
– Бүгін жаңа әлемдік рекорд ресми түрде тіркелді. Бұл – тек бір адамның ғана емес, осы бастамаға қолдау көрсеткен тұтас ұжымның еңбегі. Сондықтан ұйымдастырушы мекемелердің де есімі 2026 жылғы дүниежүзілік рекордтар кітабына енгізіледі,- деді ол.
Осы шешімге сәйкес Шәкәрім университетінің ректоры мен Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасы басшысының есімі дүниежүзілік рекордтар кітабының 2026 жылғы басылымына алтын әріппен енгізілетін болды. Университет басшылығына арнайы Алғыс хат табысталды.
Жобаға сарапшылық баға берген белгілі өнер қайраткерлері де бұл жетістіктің тарихи маңызын ерекше атап өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман:
– Бұл – қазақ мәдениеті тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Қайрат Қабышев екі жарым жылдан бері дайындалған үлкен мақсаттың үдесінен шықты. Дауыстың табиғи мүмкіндігін, әншілік мектептің тереңдігін дәлелдеді. Бізді ғана емес, жобаның халықаралық сарапшыларын да таңғалдырған дүние болды. Қазақ әніне әлем назарын аудартатын тарихи сәт осы,- деп бағасын берді.
Өз кезегінде Қайрат Қабышев бұл жетістіктің түп-тамыры ұстаздар тағылымында жатқанын тебіреніспен жеткізді.
– Жәнібек Кәрменовтей дара тұлғаның шәкірті болу, Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухан сынды ұстаздардың тәлімі – бүгінгі жетістікке жеткізген үлкен мектеп. Бұл бастама менен кейінгі жастарға ұлттық өнерді насихаттауға серпін берсе екен деймін,- деді әнші.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан қасиетті Абай жерінде осындай рекордтың орнатылуы өңірдің рухани әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті. Іс-шара соңында Қайрат Қабышев пен арнайы келген қонақтарға Алғыс хаттар табысталып, ел абыройын асқақтатқан әншіге қазақы дәстүрмен ат мінгізілді.
Бұл күн – тек бір әншінің жеңісі емес. Бұл – ұлттың үнін, даланың сазын, бабадан жеткен өнердің құнын әлемге мойындатқан тарихи белес. Абай елінен басталған бұл әуен қазақ руханиятының жаңа биігіне айналды.