Президенттің Алғыс хаты – жауапкершілік пен еңбектің белгісі
Шәкәрім университеті Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл жоғары құрмет оған ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыруға және өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін табысталды.
Арайлым Қанатқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, белсенді азаматтық ұстанымы қалыптасқан, жастармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар білікті маман. Ол университет жастарының әлеуметтік белсенділігін арттыруда, олардың бастамаларын қолдап, жаңа идеяларын жүзеге асыруда ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп келеді. Әрбір жобаны жүйелі жоспарлап, нәтижеге бағыттай білетін іскерлігі оның кәсіби шеберлігін айқындай түседі.
Жастармен тіл табыса білуі, олардың сеніміне ие болып, бағыт-бағдар көрсетуі – Арайлым Қанатқызының басты ерекшеліктерінің бірі. Ол тек ұйымдастырушы ғана емес, жас буынның жанашыры, олардың тұлғалық дамуына серпін беретін көшбасшы ретінде танылып отыр.
Президенттің Алғыс хаты – оның тынымсыз еңбегінің, жоғары жауапкершілігінің, кәсібилігі мен ел болашағына деген шынайы жанашырлығының жарқын дәлелі.
Арайлым Қанатқызын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!