Көрісу күні – береке бастауы
Шәкәрім университетінде «Наурызнама» онкүндігі аясында Көрісу күні – Амал мерекесі атап өтілді. Наурыз мейрамының алғашқы күні саналатын бұл мереке халқымыздың ежелгі дәстүрімен сабақтасып, адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық сұрасатын, ізгі тілектер айтып, қуанышқа бөленетін ерекше күн ретінде белгілі. Көрісу күні – қыстың қиыншылығын аман-есен өткерген жұрттың бір-бірін құттықтап, жаңа жылдың бастауын жақсылықпен қарсы алатын ізгі дәстүрдің көрінісі.
Іс-шараны университеттің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар, Құрылыс және геодезия, Математика кафедралары бірлесіп ұйымдастырды. Биылғы Ұлыс мерекесі «Digital Nauryz» тақырыбымен ерекшеленіп, дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін паш етті.
Мерекелік іс-шара барысында университеттің ресми символдық кейіпкері «Aisha» жиналған қауымды Наурыздың алғашқы күні – Амал мерекесімен құттықтап, баршаға өз тілегін жеткізді. Қатысушылар бір-бірімен көрісіп, ұлттық дәстүрге сай ізгі ниет білдіріп, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
«Digital Nauryz» – ұлттық мерекені жаңа форматта таныстыруға бағытталған бастама. Оның мақсаты – Наурыздың мазмұнын қазіргі заман талаптарына сай цифрлық технологиялармен ұштастырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жастарға жаңаша үлгіде жеткізу. Осылайша, көне салт-дәстүр мен инновация тоғысып, мерекенің мазмұны жаңа сипатқа ие болды.