Шәкәрім университетінде жаңа Конституция жобасы талқыланды
Шәкәрім университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талдауға арналған «Саяси жаңғыру жолындағы берік қадам» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараға университеттің құрылымдық бөлімдерінің басшылары,профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Абай облысының Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Жемагулов қатысты. Кездесудің басты мақсаты – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Ата заң жобасындағы негізгі өзгерістерді ғылыми және қоғамдық тұрғыда талқылау.
Дөңгелек үстел отырысын ашқан Асқар Қасымов Конституцияға енгізілген жаңа нормалар қоғам дамуына серпін беріп, мемлекеттілікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жобада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нақты айқындалған. Сонымен қатар университет қауымдастығы үшін аса маңызды жаңалық – ғылым жетістіктерін инновациялық тұрғыда қолдану мәселесінің алғаш рет Конституция деңгейінде көрініс табуы екені ерекше атап өтілді.
Социологиялық талдау орталығының координаторы Нәзигүл Газизова жаңа Конституция жобасына жан-жақты шолу жасап, 30 қаңтарда құжаттың халықтық талқылауға ұсынылғанын жеткізді. Ол жобаның алғаш рет мемлекеттік тілде әзірленгеніне тоқталып, бұл қадамның саяси әрі рухани маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, парламенттік реформалардың конституциялық өзгерістермен сабақтасып отырғанын атап өтті. Қазіргі ұсынылып отырған Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұратынын, онда мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік пен кепілдіктердің айқындалғанын жеткізді.
Баяндамашы жаңа жобада «Ұлы дала» идеясының негізге алынғанын, яғни Қазақстанның тарихи-мәдени ерекшеліктерінің Конституция деңгейінде бекітілгенін ерекше мәнмен атап өтті.
Келесі сөз кезегінде аппарат басшысы Мақсат Кәрібаев білім беру саласына басымдық берілуі мен білімнің қолжетімділігі Ата заңда нақты бекітілуі адами капиталды дамытуға бағытталған маңызды қадам екенін айтты. Сонымен қатар, экологиялық міндеттердің Конституцияға енгізілуі табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен «жасыл даму» саясатына негізделгеніне де тоқталып өтті.
Оның пікірінше, инновациялық бағыттың айқындалуы – ғылыми жобаларды қолдауға, ғылым мен кәсіпкерлік арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ ғылыми патенттердің өнеркәсіп саласында кеңінен қолданылуына жол ашады.
Іс-шара барысында Социологиялық талдау орталығының басшысы Мұхтар Әбдікәкімов, Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай, Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева т.б. қатысушылар жаңа Конституция жобасының халықтық талқылауға ұсынылуын еліміздегі демократиялық үдерістердің айқын көрінісі ретінде бағалап, құжаттың елдің ұзақмерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалайтынын атап өтті.