Новости 29.01.2026 335

Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық

Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық

Шәкәрім университетінде агроөнеркәсіп өнімдері мен өндірістік қалдықтарды терең өңдеу арқылы құны жоғары өнімдер алу және оларды азық-түлік өндірісінде қолдануға бағытталған «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін валоризациялау» ғылыми-тәжірибелік орталығы өз жұмысын бастады.

Жаңа орталықта алдын ала өңдеу бөлмесі, физика-химиялық өңдеу зертханасы, физика-химиялық көрсеткіштерді талдау бөлімі, сутекті қолдану зертханасы және бактериологиялық зертхана толықтай жабдықталып, іске қосылды.

Орталықтың ашылу салтанатына университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Салтанатты жиында алғашқы сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков жаңа ғылыми-тәжірибелік орталықтың агроөнеркәсіп саласы үшін маңызын атап өтіп, ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған университеттің Science профессоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың жетекшісі Қайрат Бекбаевқа алғысын білдірді.

Өз кезегінде Қайрат Бекбаев орталықта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы ғылыми жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, жоғары оқу орны ретінде білікті мамандар мен ғылыми кадрлар даярлау – орталық қызметінің басты бағыттарының бірі. Қазіргі таңда орталық аясында 13 PhD докторант өз диссертациялық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, биыл 6 магистрант оқуын аяқтаса, тағы 5 магистрант осы оқу жылында диссертацияларын қорғауды жоспарлап отыр.

Бүгінде елімізде қант өндірісі қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан қант қызылшасы алқаптарын жыл сайын ұлғайту жоспарланған. Қазақстанда жұмыс істеп тұрған алты қант зауыты бар, ал бұл өз кезегінде қант қызылшасының қалдықтары үлкен көлемде жиналатынын білдіреді. Ғалымдардың айтуынша, бұл қалдықтар – жинауды қажет етпейтін, дайын шикізат көзі.

Сонымен қатар, аграрлық мемлекет ретінде елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының қалдықтары да мол. Атап айтқанда, рапс, зығыр, қарабидай сабанынан алынған ғылыми әзірлемелер бүгінде нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Бұл бағыттағы ғылыми мақалалар да жарық көре бастаған.

Орталықтың негізгі басымдығы – өсімдік тектес органикалық қалдықтардан биоөнімдер алу, соның ішінде биосутек өндіру. Бұл бағыт қазіргі таңда әлемдік ғылымдағы басты трендтердің бірі саналады. Қазақстанда дәл осы салада жүйелі түрде жұмыс жүргізіп отырған бірден-бір ғылыми орталық – Шәкәрім университетіндегі осы орталық. Мұнда ауыл шаруашылығы қалдықтарынан биосутек өндіру технологиясы зерттеліп, тәжірибе жүзінде іске асырылуда.

Бұдан бөлек, орталықта биосутек, биометан, биоэтанол, биобутанол, биомасса секілді өнімдерді алу бағытында зерттеулер жүргізілуде. Ғалымдар ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, оларды тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығына қайта ұсынуды көздейді. Бұл – тұрақты даму мен тұйықталған экономика принциптеріне негізделген тиімді модель.

"Біз биоөнімдер аламыз, атап айтқанда, біздің негізгі артықшылығымыз, бұл - биосутек алу. Ол әлемде қазіргі уақытта ғылымдағы тренд деп айтылады. Қазақстанда біз ғана осы бағытта жұмыс жасап, қалдықтардан биосутек өндіру технологиясын зерттеп, орталықта іске асырып жатырмыз. Қысқасы, біз ауыл шаруашылығының қалдықтарын қайтадан өңдеу арқылы, ауыл шаруашылығына қолданылатын тыңайтқыш ретінде ұсыну бағытында жұмыс жасаймыз. Басқаша айтсақ, ол тұрақты даму, тұйықталған экономика принципімен жұмыс жасау"- дейді Қ.Бекбаев.

Ғалымның айтуынша, орталық экология, биотехнология және биоэнергетика бағыттарын қамтитын пәнаралық зерттеу платформасы ретінде жұмыс істейді.

Жаңа ғылыми-тәжірибелік орталық агроөнеркәсіп саласындағы қалдықтарды терең өңдеуге арналған ғылыми әзірлемелерді дамытуға, әлемдік ғылыми бәсекеге қабілетті технологиялар жасауға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім барысында халықаралық әріптестердің бейнеқұттықтаулары көрсетілді. Атап айтқанда, Шәкәрім университетінің серіктес жоғары оқу орындары – Түркиядағы Ығдыр университетінің профессоры Duried Alwazeer және Ереван мемлекеттік университетінің профессоры Karen Trchounian құттықтау сөз сөйлеп, бірлескен ғылыми жобалардың халықаралық ынтымақтастық аясында табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Жаңа ғылыми-тәжірибелік орталықтың ашылуы – агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға, өңірлік ғылыми әлеуетті арттыруға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық
Агроөнеркәсіп қалдықтары – құнды ресурс: Шәкәрім университетіндегі жаңа орталық

Комментарии (0)

Оставить комментарий