Перейти к содержанию
Новости 13.11.2026 56

Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында

Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында

Шәкәрім университетінде қазақтың ғұлама ойшылы, ақын, философ, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық және рухани мұрасын зерделеуге арналған дәстүрлі «Шәкәрім оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – Шәкәрім мұрасын әдебиеттану, философия, тарих, дінтану, текстология және мәдениеттану бағыттарында кешенді зерттеу, ақын шығармаларының мәтіндік нұсқаларын салыстыра зерделеу, рухани мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызын айқындау.

Ғылыми жиынға Қазақстан мен шетелдің белгілі ғалымдары мен зерттеушілері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас ғалымдар қатысты. Атап айтқанда, Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігі PhD Fahri Dural Hasan, Ресей Федерациясындағы Л.Н.Толстойдың «Ясная Поляна» музей-үйінің ғылыми жетекшісі, ф.ғ.к., Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Галина Алексеева; Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының қызметкері, PhD Бақтияр Бутеев; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Шүкіманов; Әлкей Марғұлан университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Әділбек Әміренов; ф.ғ.к., доцент Эльмира Сәмекбаева қатысып, Шәкәрім шығармашылығының әртүрлі қырларын қамтитын ғылыми баяндамалар жасады.

Конференцияның үйлестірушісі, Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай алғашқы құттықтау сөз кезегін университет ректоры Думан Орынбековке ұсынды. Ректор соңғы жылдары Шәкәрім мұрасын зерттеу мен насихаттау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, Шәкәрімтану ғылыми орталығының қызметі жанданып, ғылыми музей ашылды, «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы қайта жарық көре бастады. Сонымен қатар Қытайдың Сиань-Цзяотун университетінде «Шәкәрім» Қазақ-Қытай зерттеулер орталығы құрылды.

«Шәкәрім есімін еншілеген оқу ордасы болған соң Шәкәрімге қатысты барлық ізденістің басында тұру – біздің міндетіміз. Университет ғалымдары Шәкәрімнің өмірі мен мұрасын кешенді зерттейтін іргелі екі ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Жақында осы жоба аясында «Шәкәрімнің қажылық сапары ізімен» ғылыми экспедициясы Түркияда болып қайтты. Экспедиция аясында Денизли қаласындағы Памуккале университетінде Шәкәрім ғылыми орталығын ашу туралы келісімге қол жеткіздік. Қазір бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүріп жатыр. Болашақта осы жобалардың нәтижесі – шәкәрімтану ғылымына қосылған мол үлес болады деген үміттеміз»- дей келіп, Думан Рымғалиұлы шәкәрімтанушы ғалымдарды университетпен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Келесі кезекте құттықтау сөз сөйлеу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Арап Еспенбетовке, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа және Ресей сөз өнері академиясының вице-президенті Георгий Пряхинге берілді.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов баяндамасында Шәкәрім шығармаларындағы «ақыл» концептісін тілдік, тарихи және философиялық тұрғыдан жан-жақты талдады. Ғалым ақын шығармаларындағы «ақыл» ұғымының лингвостатистикалық картасын ұсынып, лексеманың диахрондық-семантикалық эволюциясы мен көне түркілік этимологиялық бастауларына тоқталды. Сонымен қатар, Шәкәрімнің идиостиліндегі авторлық метафоралар мен этикалық концептілерге талдау жасай отырып, ақын мұрасындағы «ақыл» ұғымының филологиялық және концептуалдық тұжырымдарын жүйеледі.

Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы жайлы салыстырмалы зерттеу ұсынған Dr. Hasan Fahri Dural Физулидің

«Ләйлі уә Мәжнүн» маснауиі мен қазақ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының Физулиді өзінің дереккөзі ретінде көрсеткен «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны сюжеті, кейіпкерлері, құрылымы және мотивтері тұрғысынан салыстырылғанын жеткізді.

«Зерттеу нәтижелері Шәкәрімнің сюжеттік қаңқаны және көріністердің басым бөлігін

Фузулиден алғанын, ал кейбір бәйіттерді сөзбе-сөз дерлік аударғанын көрсетеді. Аруз өлшемімен жазылған 3096 бәйіттік маснауи Шәкәрімде он бір буынды қара өлең шумақтарынан құралған шамамен 1680 тармақтық дастанға айналған. Фузулидегі сопылық уахдат (бірлік) түсінігі де қазақ даласының тұрмысына тән мақал-мәтелдермен, теңеулермен және салт-дәстүрлермен өрілген діни-ахлақтық махаббат хикаятына ұласқан. Сондықтан, Шәкәрімнің шығармасы Фузули туындысының сөзбе-сөз аудармасы емес, назира және тәлиф-тәржіма дәстүрі аясында Фузулиге «қазақ шапанын кигізген» өзіндік қайта жырлау болып табылады»- дейді.

Шәкәрімнің музыкалық мұрасының зерттелу тарихына тоқталған Еркін Шүкіманов Шәкәрім әндерінің ел арасына таралуы мен нотаға түсірілуі, жинақтау және ғылыми айналымға енгізу жұмыстарына назар аударды. Ол голландиялық музыкатанушы Альвин Бимбоэс пен орыс этнографы Александр Затаевичтің 1920–1930 жылдардағы жинақтарына енген нұсқалардың тарихи маңызын талдады. Сонымен қатар, әнші Шәкәрімнің музыкалық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде ақынның ұлы Ахат Құдайбердиевтің, жерлестеріміз Төкен Ибрагимов пен әнші Келденбай Өлмесековтің еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінге дейін зерттеушілердің ізденістері мен жинақтау жұмыстарының нәтижесінде Шәкәрімнің жиырма төрт әні мен бір күйі анықталған.

Музыкалық мұраның зерттелуімен қатар, Шәкәрім шығармаларының тілдік ерекшеліктерін зерделеу мәселелері де ғылыми талқылау қатысушыларының назарынан тыс қалған жоқ. Филология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университеті қазақ филологиясы кафедрасының доценті Эльмира Сәмекбаева «Шәкәрім тілі сөздігін» құрастырудың теориялық және әдіснамалық негіздері жайлы баяндама жасады. Авторлық лексикографияның ерекшеліктерін саралаған ғалым сөздіктің мақсаты, дереккөздері, құрылымы мен негізгі ұстанымдарына тоқталды. Сондай-ақ Шәкәрім шығармаларындағы лексикалық бірліктерді іріктеу, мағыналық тұрғыдан жүйелеу, жиілігін анықтау және мәтіндік дәйектермен сипаттау мәселелерін талдады.

Осылайша, ғылыми конференция аясында Шәкәрім шығармаларының зерттелуі мен жариялануы, ақын мұрасының мәтінтанулық мәселелері, Абай мен Шәкәрімнің рухани сабақтастығы, ойшылдың философиялық дүниетанымы, ар-ұждан ілімі, әдеби-эстетикалық көзқарастары, музыкалық мұрасы және шығармаларын өзге түркі тілдеріне аудару мәселелері жан-жақты талқыланды.

Конференцияда барысында қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Жанбота Секейдің «Шәкәрім кітапханасы» сериясымен шыққан «Әдебиет теориясы және көркем мәтінді талдау» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Сонымен қатар, «Шәкәрім мұрасы: тарих пен тағылым» және «Шәкәрімнің рухани мұрасы» көрмелері ұйымдастырылып, келушілер назарына Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына арналған иллюстрациялар коллекциясы ұсынылды.

Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында
Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында
Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында
Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында
Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында
Шәкәрімтану ғылымы тың ізденістер тоғысында

Комментарии (0)

Оставить комментарий