Science Bridge – жас зерттеушілердің ғылымдағы жаңа қадамы
Шәкәрім университетінде «Science Bridge: мектеп қабырғасынан – ғылымға» форумы өз мәресіне жетті. Бір ай көлемінде университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен мектеп оқушылары және студенттер бірлесіп, ғылыми ізденіс пен тәжірибеге негізделген жобалармен айналысты. Бұл бастама мектеп пен жоғары білім арасындағы байланысты нығайта отырып, жас буынның зерттеушілік қабілетін дамытуға жаңа мүмкіндік ашты.
Форум аясында қатысушылар түрлі бағыттар бойынша өзекті ғылыми тақырыптарды зерттеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Мысалы, «Семей қаласындағы ауыз судың химиялық құрамы» жобасы өңірдегі экологиялық ахуал мен ауыз су сапасын саралауға бағытталса, «Полиплоидты жемістерден ДНҚ-ны бөліп алу және полиплоидтылықтың ДНҚ мөлшеріне әсерін зерттеу» тақырыбы биотехнология мен генетика саласындағы ізденістердің маңызын көрсетті. Сонымен қатар, білім беру бағытындағы «Мультфильмдердің көмегімен ағылшын тілін меңгеру» және «Ағылшын тілін үйренуде жасанды интеллект құралдарын қолдану: жоғары сынып оқушылары мен университеттегі бірінші курс студенттерінің тәжірибесі мен көзқарастарын салыстырмалы зерттеу» жобалары заманауи технологиялардың оқу үдерісіндегі тиімділігін дәлелдеді.
Форум барысында оқушылар ғылыми зерттеу әдістерін меңгеріп қана қоймай, тәжірибе жасап, деректерді талдау, нәтижені қорғау сынды маңызды дағдыларды игерді. Университет білім алушылары мен оқытушылары жас зерттеушілерге ғылыми жетекшілік жасап, олардың идеяларын нақты жобаға айналдыруға қолдау көрсетті.
Осы ретте, бірнеше жобаны толығырақ таныстырып көрмекпіз. №16 Төлеубай Аманов атындағы орта мектебінің оқушысы Алина Саяхметованың Шәкәрім университетінің Инжиниринг орталығында жүргізілген жұмысы ионды-плазмалық азоттау температурасының болат бетінің қасиеттеріне әсерін зерттеуге арналған. Алина мен оның командаластары әртүрлі температуралық режимдерді қолданып, беткі қабаттың микроқаттылығы, кедір-бұдырлығы, коррозиялық төзімділігі мен микроструктуралық өзгерістерін анықтаған. Бұл жұмыс барысында олар заманауи құрылғылармен танысып, ғылыми тәжірибе жинақтады. Алинаның айтуынша, бұл құрылғылар зерттеудің дәлдігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік берген. Олардың көмегімен әрбір температуралық режимнің нәтижелерін егжей-тегжейлі талдап, болаттың беткі қабатындағы өзгерістерді нақты анықтауға қол жеткізген.
№26 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары «Білім беру 2D симуляциясында өсімдіктердің өсуін модельдеу» жобасын іске асырды. Өсімдіктердің өсуін екі өлшемді (2D) модельдеуге арналған кейс-жоба барысында мектеп оқушылары, студенттер мен ғалымдар өзара ынтымақтастықта жұмыс атқарды. Олар өсімдіктердің даму кезеңдерін зерттеп, өсу динамикасын екі өлшемді графикалық модель арқылы бейнелеу жолдарын қарастырды.
Сонымен қатар, Қалибек Әмина, Маржан Аманжанқызы, Әлихан Рахимбековтер таныстырған «Arduino платформасында бағдарламаланған автономды ақылды жылыжай кешені: бақша дақылдарының өсуін модельдеу және симуляциялау» тақырыбындағы жоба да үлкен қызығушылық тудырды. Arduino негізіндегі ақылды жылыжай өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай жасай отырып, ауыл шаруашылығын автоматтандыруға бағытталған. Жобаның ресурстарды үнемдеу, шығындарды азайту, интернет технологияларын біріктіру секілді жаңашылдығы бар.
Жүргізілген тәжірибелер оқушылардың ғылыми зерттеудің қыр-сырын тереңірек түсінуіне ықпал етіп, болашақта осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыруға деген ынтасын арттырды.
«Science Bridge: мектеп қабырғасынан – ғылымға» форумы қатысушыларының жұмыстарын университет ғалымдарынан құралған комиссия бағалады.
Комиссия шешімімен «Ионды-плазмалық азоттау температурасының болат бетінің қаттылығына әсерін зерттеу» жобасы бірінші орынға лайық деп танылса, «Балқытып қаптау режимі параметрлері мен жылу берудің қапталған қабаттың қалыптасуына әсерін зерттеу» жобасы екінші орынды еншіледі. Ал үшінші орынды «Arduino платформасында бағдарламаланған автономды ақылды жылыжай кешені: бақша дақылдарының өсуін модельдеу және симуляциялау» жобасының жас зерттеушілері иеленді.
«Science Bridge» форумы – мектеп қабырғасындағы жас талаптың ғылым әлеміне жасаған алғашқы нық қадамы. Бұл жоба ғылымға қызығатын оқушылардың әлеуетін ашып, болашақ зерттеушілер мен ғалымдардың қалыптасуына жол ашатын маңызды бастама ретінде ерекшеленді.