«Abai Science Fest»: ғылым, білім және өндіріс үндестігі
Шәкәрім университетінің базасында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен және облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Abai Science Fest» ғылыми фестивалі ғылым мен инновацияның жаңа тынысын айқындаған айтулы оқиға болды.
Бұл фестиваль – ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, аймақтың экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде елдің қуаты табиғи байлықпен ғана емес, ғылым мен технологияның дамуымен өлшенетін кезеңде мұндай іс-шаралардың мәні тіпті тереңдей түскені мәлім.
Фестиваль аясында жүзеге асырылып жатқан және аяқталған қолданбалы ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар заманауи зерттеулер мен инновациялық әзірлемелермен танысты. Көрмеде ядролық технологиялардан бастап медицина, азық-түлік өндірісі, экология, энергетика және цифрлық технологиялар саласындағы тың жобалар ұсынылды. Мұның бәрі ғылымның тек теориялық ізденіс емес, нақты өндіріс пен қоғам игілігіне қызмет ететін қуатты күш екенін айқын аңғартты.
Фестивальдің мазмұндық салмағын арттырған маңызды кездесулердің бірі облыс әкімі Берік Уәлидің жас ғалымдармен жүздесуі болды. Кездесу барысында ғылымның қоғам дамуындағы рөлі, өңірлік ғылыми әлеуетті арттыру, жас зерттеушілерді қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласына ерекше назар аударып отырғанын атап өтіп, ғылымды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру қажеттігін айтты.
Әкім өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – білім беру, ғылым және экономика арасындағы алшақтық екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бизнес маман таппайды, түлектер жұмыс іздейді, ал ғылыми жобалар өндіріске жетпей қалып жатады. Осы түйткілдерді шешу үшін облыстық «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» кешенді жоспары әзірленбек. Бұл бастама аясында қолданбалы ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру, коммерцияландыру, ғылымға инвестиция тарту және өндіріске енгізудің нақты жүйесі қалыптастырылмақ.
Сондай-ақ, ғылымды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Семей қаласының солтүстік бөлігіндегі Smart City ауданында «Ғалымдар үйі» бой көтеретіні белгілі болды.
«Өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту үшін Семей қаласының солтүстік бөлігінде Smart Sity ауданында «Ғалымдар үйін» тұрғызуға шешім қабылдадық. Бұл орталықта басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті зертханалар, заманауи құрылғылар, инфрақұрылымдар қарастырылатын болады. Ғылыммен айналысатын жастардың ғылыммен айналысуына, өз әлеуетін ашуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл – ғылымға бет бұрған жастардың арманын асқақтататын, жаңа идеялар мен жаңалықтар туындайтын зияткерлік орталық болады»- деді Берік Уәли. Аймақ басшысының айтуынша, «Ғалымдар үйінде» жас ғалымдар еркін ізденіп, игі бастамаларын жүзеге асырып, ғылым көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алады. Облыс әкімі Берік Уәли жеткізген бұл сүйінші хабар залда отырған жас зерттеушілерге ерекше серпін берді. Ғылымға деген сенім мен үмітті арттырған жаңалықты олар зор ықыласпен, ыстық қошеметпен қарсы алды.
Жиында жастарды қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі қала басшысына жас ғалымдарды «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасына енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, олардың алғашқы жарнасын облыстық бюджет есебінен қолдау тетіктері қарастырылатынын жеткізді. Бұл – ғылым жолын таңдаған жастарға көрсетілген нақты қолдаудың көрінісі.
Кездесу барысында өңірде аграрлық ғылымды дамытуға да ерекше басымдық беріліп отырғаны айтылды. Әкім жуырда Шәкәрім университетінде қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылғанын атап өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуда университеттің қалыптасқан ғылыми мектебіне үлкен сенім артылатынын жеткізді.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өз кезегінде аймақ басшысының көрсеткен сенімі үшін алғысын білдірді.
«Құрметті Берік Уәлиұлы!
Баршамыздың туған жеріміз – Абай облысының даму жоспары туралы терең маңызды ақпаратыңыз үшін барша қатысушылар атынан алғыс білдіреміз.
Жас ғалымдарды қолдаудағы бастамаларыңыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ғылым саласына берген нақты тапсырмаларының жергілікті деңгейде тиімді орындалуының жарқын көрінісі деп білеміз. Жас ғалымдар осындай қамқорлыққа лайықты нәтижелер көрсетіп, өңір игілігіне қызмет жасайды деп сенеміз.
Жаңа өзіңіз айтқандай, тарихи дәстүрді жаңғыртып, Абай өңірі алдыңғы қатарлы ғылым ордасына айналсын!»- деді ол.
Ғылыми жобалар көрмесіне өңірдің жетекші ғылыми және білім беру ұйымдары қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, Shakarim University, Семей медицина университеті, Alikhan Bokeikhan University, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының Семей филиалы, Ядролық технологиялар паркі мен Ядролық медицина және онкология орталығы бар. Әр мекеме өз саласындағы ғылыми жетістіктерін ұсынып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады.
Фестивальдегі ғылыми көрме барысында Шәкәрім университеті өзінің бірқатар маңызды ғылыми жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, Агросектор платформасы мен Агротехнопарк ауыл шаруашылығы бағытындағы инновациялық жобаларды ұсынса, Shakarim Lab орталығы пошта, қоршаған орта нысандары және тағам өнімдерінің химиялық құрамын зерттеу жұмыстарын көрсетті. Ал Инжиниринг орталығы материалдардың беткі қабатын плазмалық өңдеу және электролиттік-плазмалық модификациялау технологиялары бойынша жобаларын таныстырды. Сонымен қатар Валоризация орталығы лигноцеллюлозалық жанама өнімдердің құндылығын арттыруға бағытталған биотехнологиялық шешімдерді ұсынды. Бұл жобалардың барлығы университет ғылымының тек академиялық деңгейде емес, өндірістік бағытта да дамып келе жатқанын көрсетті.
Ұлттық ядролық орталықтың реакторлық құрылғыларды құрастыру және сынау бөлімінің бастығы Нұржан Мұхамедов импульстік зерттеу реакторы бойынша жүргізіліп жатқан халықаралық ғылыми жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Жапония және Франция ғалымдарымен бірлесіп төртінші буынды натриймен салқындатылатын реакторлардың қауіпсіздігі зерттелуде. Сонымен қатар, материалтану зертханаларында реакторлық сәулеленуден кейінгі материалдардың беріктігі зерттеліп, АҚШ ғалымдарымен бірлескен жобалар аясында жоғары байытылған ядролық отыннан төмен байытылған уран отынына көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Фестиваль қонақтарының қызығушылығын тудырған жобалардың бірі – Семей медицина университетінің студенті Сернад Қалиев ұсынған JYREK-AI – «ЭКГ талдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі инновациялық технологияны әзірлеу» жобасы болды. Электрокардиограмма нәтижелерін талдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі инновациялық технология медициналық диагностика сапасын арттыруға бағытталған заманауи шешім ретінде жоғары бағаланды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – ғылымды өндіріс қажеттілігімен ұштастыруға басымдық берілуінде. Себебі бүгінгі ғылыми жаңалық нақты нәтижеге айналып, өндірісте көрініс табуы тиіс. Осы мақсатта ұйымдастырылған фестивальда өңір экономикасының сұранысына бағытталған қолданбалы жобалар кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде Абай облысында ғылыми экожүйені қалыптастыруға, инновациялық бастамаларды дамытуға және технологиялық серпіліске жол ашуға ықпал етеді.