Отбасы күні: «Әке. Ана. Бала» сайысы
Отбасы күніне орай Шәкәрім университетінің спорт кешенінің жасыл алаңында «Әке. Ана. Бала» атауымен спорттық жарыс өтті. Қатысуға ниет білдірген түрлі кафедралар бойынша 4 команда («Самғау», «Алға», «Food tim» және «Құбыжықтар») өзара бақ сынады. Олар доп алу, үш тақтай, шарды жарып, ішінде жазылған тапсырманы орындау, қаппен жүгіру, фишканы ұстап 10 рет айналу сияқты 8 түрлі қызықты ойында барын салды.
Әкесінен кейін анасы жалғастырып, одан кейін баласы барып аяқтап келетін сайыстардың қайсысы болсын, жылдамдықты, қырағылықты, мергендік шеберлікті қажет ететіндігімен тәнті етті.
-Бұл – жылда өтетін спорттық шара. Отбасы күнімен қатар салауатты өмір салтын ұстануға шақыратындығымен ерекше. 4 кафедра бойынша 4 команда қатысты. Жеңімпаздар марапатталатын болады. Алдағы уақытта да осындай спорттық ойындарға белсене қатысуға шақырамын,- дейді сайысты ұйымдастырушы Шәкәрім спорт клубының жаттықтырушысы Тілеужан Омаров.
Қазылар алқасы берген ұпай санының нәтижесі бойынша І орынды «Самғау» командасы иеленді. ІІ орынды «Құбыжықтар» еншілесе, ІІІ орын «Food tim» командасына бұйырды. Ал «Алға» командасы «Белсенді отбасы» аталымына ие болды. Жеңімпаздардың барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды.