Новости 10.04.2026 98

Цифрлық өркениет және математиканың маңызы

Цифрлық өркениет және математиканың маңызы

Шәкәрім университеті және Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бірлесіп «Математика және жасанды интеллект: ғылым және білім беру тоғысында» атты халықаралық ғылыми-практикалық форум өткізді. Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «2023–2029 жылдарға арналған цифрлық трансформацияны дамыту тұжырымдамасы» аясында ұйымдастырылды.

Форумға Қазақстан, Малайзия, Қырғызстан және Ресей ғалымдары мен оқытушылар, сонымен қатар, Абай облысы мектептерінің математика пәні мұғалімдері қатысты. Бұл жиын әртүрлі ғылыми мектептердің тәжірибесін тоғыстырып, ортақ ой мен жаңа идеялардың қалыптасуына мүмкіндік берді.

Пленарлық отырыста отандық және шетелдік жетекші ғалымдар іргелі математиканың даму бағыттарын, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының қолданбалы мүмкіндіктерін жан-жақты саралады. Форумның негізгі мақсаты – математика ғылымының қазіргі трансформациясын терең талдау, жасанды интеллект дәуіріндегі математикалық білім берудің жаңа бағыттарын айқындау және халықаралық ғылыми диалог пен академиялық серіктестікті нығайту болды.

Келелі жиынды университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы ашып, ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығын арттырудағы форумның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ал ректор Думан Орынбековтің шетелде іссапарда болуына байланысты оның ізгі тілегін академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бейімбет Дәрібаев жеткізді.

Алғашқы сөз кезегі Назарбаев университетінің профессоры, PhD, Ғылым академиясының академигі Сұраған Дөрбетханға берілді. Ол «Миллион долларлық сұрақ: математикадағы әсемдік деген не?» тақырыбындағы мазмұнды баяндамасында математиканың тек есептер жиынтығы ғана емес, адам ойлауын жетілдіретін ерекше құрал екенін атап өтті.

Ғалым өз сөзінде: «Жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, ол адам миының орнын баса алмайды. Сондықтан біз ең алдымен өз ойлау қабілетімізді дамытуымыз қажет. Математика – сол дамудың ең тиімді жолдарының бірі»- деп, білім алудағы табандылық пен еңбектің маңызын ерекше атап өтті.

Малайзияның Путра университетінің профессоры, доктор Лили Нурлиана Бинти Абдуллах «Жасанды нейрондық желілердің математикалық негіздері және олардың қолданылуы» тақырыбындағы баяндамасында нейрондық желілердің теориялық іргетасы мен олардың заманауи технологиялардағы рөлін кеңінен түсіндірді.

Ал ұзақ жылдар бойы Шәкәрім университетінде математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған белгілі ғалым, қазіргі уақытта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Абдикади Мустафаев «Математиканы саралап оқыту және жасанды интеллект» тақырыбында ой өрбітіп, білім беру үдерісін дараландыру, оқыту әдістерін жетілдіру және оқушылардың қабілетіне қарай оқытудың маңыздылығын атап өтті.

Бішкек қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Назира Кайдиева "АІ жағдайында студенттердің математикалық білімін жетілдіру" атты баяндамасында жоғары білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды енгізу мен студенттердің математикалық даярлығын жетілдіру жолдарын ұсынды.

Математика ғылымының іргелі бағыттарын, оның жасанды интеллектімен байланысын және білім беру жүйесіндегі жаңа үрдістерді қамтыған форум мазмұнды пікірталастарға, тың ұсыныстар мен ғылыми жаңашылдықтарға толы болды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақтағы бірлескен зерттеулердің бағыттарын айқындады.

Форумның кәсіби тәжірибе алаңы Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғасын тауып, мұнда педагогтер жасанды интеллект құралдарын оқу процесіне тиімді кіріктіру, цифрлық ресурстарды орынды пайдалану және білім алушылардың креативті әрі сыни ойлау дағдыларын дамыту мәселелерін тәжірибе жүзінде талқылады. Сонымен қатар, сабақ барысында AI технологияларын қолданудың нақты үлгілері көрсетіліп, мұғалімдер үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы
Цифрлық өркениет және математиканың маңызы

Комментарии (0)

Оставить комментарий