Ақ жол, болашаққа бағыт алған жас түлектер!
Бүгін Шәкәрім университеті жанындағы Shakarim High School мектебінде жүрек толқытар, қуаныш пен қимастық қатар өрілген ерекше күн өтті. Мектеп қабырғасында білім алып, арманын қанатына байлаған жас түлектерге салтанатты түрде аттестат табысталды.
2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ашылған бұл білім ордасы аз уақыт ішінде сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастырған заманауи мектеп ретінде қалыптасты. Биыл осы алтын ұядан 68 шәкірт түлеп ұшты. Оның ішінде қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. 7 түлек – «Алтын белгі» иегері атанса, тағы 7 оқушы оқуын «Үздік аттестатпен» аяқтап, мектеп мерейін асқақтатты.
Салтанатты жиында сөз алған мектеп директоры Бақыт Сейтқалиева мектептің шынайы жетістігі қабырғасының сәнінде емес, өмір жолын адаспай табатын шәкірттерінде екенін ерекше атап өтті.
– Бүгін – ерекше толқынысқа толы сәт. Біз сіздерге тек білім берумен шектелмей, жүректеріңізге адалдықты, жауапкершілікті, елге деген сүйіспеншілікті сіңіруге тырыстық. Ертең қай салада жүрсеңіздер де адамдық пен парасатты серік етіңіздер. Мектебіміздің атын әлемге танытатын білімді де білікті азамат болатындарыңызға сенемін. Әр жетістіктің артында ұстаздардың жанкешті еңбегі мен үлкен жүрегі тұрғанын ұмытпаңыздар,- деді директор.
Ал түлектер атынан сөз сөйлеген Рәбиға Зейнешова бұл күннің олардың өміріндегі ұмытылмас белес екенін жеткізді.
– Shakarim High School қабырғасындағы әр күніміз жүрегімізде сақталады. Ұстаздарымыз бізге тек пән үйретіп қана қойған жоқ, қиын сәтте демеу болып, сенім сыйлады. Бүгінгі жетістіктеріміз – сіздердің маңдай терлеріңіздің жемісі. Бізге болашаққа бастайтын алғашқы баспалдақтарды бірге қаладыңыздар,- деді ол.
Бұл күн – бір мектеппен қоштасу ғана емес, жаңа арманға бастар жолдың бастауы. Кеше ғана мектеп дәлізінде қиял қуған жасөспірімдер енді үлкен өмірдің табалдырығын аттап тұр. Алда – жаңа мүмкіндіктер, жаңа белестер, жаңа жеңістер.
Арманға апарар алғашқы құжаттарын қолдарына алған жастар үшін бүгінгі күн – қоштасу күні емес, болашаққа басталған жаңа сапардың алғашқы қадамы.
Ақ жол, жас түлек! Қадамдарың нық, армандарың асқақ, болашақтарың жарқын болсын!