Абай рухына тағзым тазалықтан басталады
Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында Шәкәрім университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Игі бастамаға университеттің әкімшілік қызметкерлері белсене қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында университеттің Бас ғимараты аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлер арамшөптерді отап, ағаштардың түбін қопсытып, гүлзарлар мен көгалдарды суарды.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның табиғатқа, адамгершілікке және туған жерге деген сүйіспеншілікке толы шығармаларын дәріптеді. Бұл игі іс-шара университет ұжымының Абай мұрасына деген құрметін ғана емес, руханият пен қоршаған ортаға жанашырлықтың өзара сабақтас құндылықтар екенін де айқын көрсетті.
Тазалық – қоршаған ортаны күтіп ұстау ғана емес, ол – мәдениет пен жауапкершіліктің, туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, Шәкәрім университетінде өткен сенбілік Абай дәріптеген еңбекқорлық, ұқыптылық және табиғатқа қамқорлық қағидаларымен үндескен тағылымды іс-шараға айналды.