Жаңалықтар 27.03.2026 255

Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге

Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге

Шәкәрім университеті Абай облысының Білім басқармасымен бірлесіп, университеттің 1963 жылғы түлегі, оқу орнында табан аудармай 55 жыл еңбек еткен көрнекті ғалым, Қазақстан мен КСРО білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қинаят Шаяхметұлының туғанына 85 жыл толуына орай «Филологиялық білім: дәстүр және жаңашылдық» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.

Тағылымды іс-шараға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелі педагогтер қатысты. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әсел Қинаятқызы Шаяхмет, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қаныш Тілеужанұлы Бибеков, облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының «Орта білім берудегі оқыту мазмұны» бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері Дана Отынбаева, сондай-ақ университет оқытушылары мен өңір мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері бас қосты.

Семинардың ашылуында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов пен Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Сағанаева құттықтау сөз сөйлеп, Қинаят Шаяхметұлының ғылым мен білім саласындағы өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

Арап Сіләмұлы өз сөзінде замандас әріптесінің адами болмысына, ұстаздық келбетіне тоқталып, оның білімдарлығы мен парасаттылығын тебірене еске алды. Ғалымның өмір жолынан сыр шертіп, қызықты естеліктерімен бөліскен ол:

«Өз ісіне мығым, ары таза, парасаты биік Қинаят Шаяхметұлымен бірге қызмет атқарғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Сол бір ұмытылмас жылдар – ғұмырымның ең жарқын кезеңдерінің бірі. Ұстаздардың ұстазы болған Қиекеңнің өнегелі жолын шәкірттері лайықты жалғастырады деген сенімдемін»,- деп түйіндеді.

«Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының басшысы Ақмарал Смағұлова ұстазы жайлы естеліктерін былайша өрбітеді:

«Тіл біліміне кіріспе» пәнінен сабақ берді Қинаят аға. Түсі суық, айнымайтын бір ғана дауыс ырғағымен бірінші дәріс өтті. Ұққанымыз шамалы. Жазып алғанымыз да мәз емес. «Үлгермей қалдық, ағай, қайталап жіберіңізші» деуге ешқайсымыздың батылымыз жетпеді.

Бірер апта өтпей жатып-ақ барлығымыз төселіп алдық. Үзілісте дәптерімізді ашып соңғы жазғандарымызға көз жүгіртіп қоямыз. Себебі ағай кез келгенімізден қай жерге келдік деп сұрайды да, іле жалғастырып жүре беретін, не бір қағазға, не бір кітапқа қарамайды. Бас алмастан айтқанын жаза бересің, жаза бересің...

Кейініректе ұстазымыздың жұмысқа іздеп келіп, кітабын арнайы табыстауы мен үшін зор абырой еді. «Ақмаралға. Құрметпен Қ.Шаяхметұлы» деген белгі салыпты. «Саған арнайы әкелдім»- деп табыс етті. Ұстазымнан өзіме деген мұндай құрметті күтпедім әрине, тосылып қалдым. Рақметті жаудырып жатырмын. Бір кездері тым қатал көрінетін ардақты ұстазың іздеп келіп еңбегін табыс етсе, одан асқан мерей мен мәртебе бар ма шәкірті үшін.

Студент шағымызда Қинаят аға «әйтеуір оқу үшін оқымау керек» деген сөзді жиі қайталайтын. Төрт жыл бойы естідік ағайға тиесілі осы мәтелді. Естіген сайын, қалай сонда «әйтеуір оқу үшін оқымау керек» деп мен таң қалатынмын. Ақиқатында осы сөздің астарында терең мән жатыр екен...».

Семинар барысында ғылыми баяндамалар тыңдалып, филология ғылымының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Сәмекбаева «Қ. Шаяхметұлы және тілдік концепция: жаңа ғылыми бағыттар тоғысында» атты баяндамасында ғалым мұрасының заманауи тіл біліміндегі орны мен маңызын саралап, оның ғылыми тұжырымдарының бүгінгі зерттеулермен сабақтастығын жан-жақты талдады.

Ал Қаныш Бибеков «Педагогтердің кәсіби дамуы мен аттестаттаудың өзара сабақтастығы» тақырыбындағы баяндамасында білім беру жүйесіндегі сапаны арттырудың негізгі тетіктеріне тоқталып, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мен бағалау үдерісінің өзара байланысын нақты мысалдармен дәлелдеді.

Сонымен қатар, «Дарынды оқушыларды дайындаудың әдістемелік жаңашылдықтары мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері», «Әдебиет теориясы: түсіну, талдау, шығармашылық», «Халықаралық стандартқа сай академиялық жазбаны рәсімдеу үлгісі» тақырыптарында баяндамалар оқылып, қатысушылар филологиялық білім берудің дәстүрлі негіздері мен заманауи үрдістерін ұштастыру, ғылыми мұраны жаңғырту, ұстаз тәжірибесін жетілдіру бағытында пікір алмасып, құнды ұсыныстарын ортаға салды.

Әсел Қинаятқызы семинарды ұйымдастырушыларға және қатысушыларға ризашылығын білдіріп, әкесінің еңбегіне көрсетілген құрмет үшін алғысын жеткізді.

Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге
Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге
Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге
Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге
Ұстаз жолы – ұрпаққа өнеге

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру