Жаңалықтар 19.05.2026 63

«Алтын Орда – Ұлы дала өркениетінің алтын діңгегі» - Мемлекет басшысы

«Алтын Орда – Ұлы дала өркениетінің алтын діңгегі» - Мемлекет басшысы

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумы басталды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум қатысушыларына ризашылығын білдірді.

«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек.

Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық.

Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды», - деді ел Президенті

Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты.

– Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын.

Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр,- деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүзеге асырған жетістіктері жайлы да хабардар етті. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері және бірнеше көне қаланың әлемдік мұралар тізіміне енуі – осы серіктестіктің айқын мысалдары.

Бұдан бөлек, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылғандығын атап өтті. Өткен жылы "Хандар шежіресі" атты бірегей қолжазбаның әлемдік деңгейде мойындалуы – осының жарқын дәлелі. Бұл құжат, ел билеген тұлғалар туралы, соның ішінде Алтын Орда кезеңіне қатысты құнды мәліметтерді қамтиды.

– Сонымен қатар, ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, былтыр ғана "Хандар шежіресі" деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан, біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа,- деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті бұл байланысты одан әрі дамытудың өзара тиімді және маңызды екенін баса айтты. Бұл серіктестік Қазақстанның бай мәдени мұрасын сақтап, насихаттауға, сондай-ақ әлемдік ғылым мен мәдениетке үлес қосуға мүмкіндік береді.

Тарихшылар, зерттеуші-ғалымдардың алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеуді ұсынды.

«Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті.

Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды.

Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды.

Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді.

Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар.

Түптеп келгенде Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты»,- деді президент.

Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихына тек әскери не саяси қырынан ғана қарамай, оның өркениеттік, мәдени және рухани маңызын терең зерделеу қажеттігін атап өтті.

«Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттарымен шектеліп қалуға болмайды.

Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін.

Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек.

Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана.

Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды.

Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет", - деді Қ.Тоқаев.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру