Жас зерттеушілер – ғылым әлемінде
Ғылым онкүндігі аясында Шәкәрім университетінде мектеп және колледж оқушыларына арналған «Шәкәрім оқулары» Х облыстық ғылыми конференциясы өтті.
Ауқымды ғылыми іс-шараға Семей қаласынан, сондай-ақ, Абай облысының аудандарынан барлығы 134 жас зерттеуші қатысып, өз білімдері мен ғылыми ізденістерін ортаға салды.
Конференцияны университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы құттықтау сөзбен ашып, жас буынның ғылымға деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде мұндай алаңдардың оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуда, болашақ мамандығын таңдауда үлкен рөл атқаратынын ерекше айтты.
Қатысушылар инженерлік, физика-математикалық, жаратылыстану, педагогикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша өз ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды.
Конференция дәстүрлі түрде жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға және білім беру ұйымдары мен университет арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Іріктеудің бастапқы кезеңі мектептер мен колледждер базасында өткізілді.
Іс-шара аясында алғаш рет «Идеядан модельге дейін» атты макеттер байқауы ұйымдастырылып, қатысушылардың практикалық дайындық деңгейін көрсетті.
Секциялық жұмыстарды университеттің профессорлық-оқытушылар құрамынан құралған білікті комиссия бағалады.
Конференция қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Мұндай ғылыми кездесулер жас зерттеушілерге шабыт беріп қана қоймай, олардың үлкен ғылымға қадам басуына жол ашатыны сөзсіз.