Халықаралық ғылыми серіктестік: жаңа ғылыми жобаға қол қойылды
Шәкәрім университеті халықаралық ғылыми серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. Университет Халықаралық ғылыми-техникалық орталық бағдарламасы аясында Армениядағы Ереван мемлекеттік университеті және Жапониядағы Токио ауыл шаруашылығы университетімен бірлесіп, жаңа зерттеу жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.
«Агроөнеркәсіптік қалдықтарды жаңартылатын сутегіге биохимиялық түрлендіру» атты жоба экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бағытталған. Жобаның негізгі идеясы – ауыл шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратып, олардан сутегі өндіру. Бұл тек қалдық мәселесін азайтып қана қоймай, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында ғалымдар биомассаны алдын ала өңдеуді жетілдіріп, сутегі өндірудің микробиологиялық әдістерін зерттейді. Сонымен қатар, алынған нәтижелерді өндірістік деңгейде қолдануға бейімдеу де қарастырылған.
Жобаға Шәкәрім университеті белсенді қатысып, Қазақстандағы агроөнеркәсіптік қалдықтарды зерттеу, оларды өңдеу әдістерін әзірлеу және биохимиялық талдау жүргізу жұмыстарын атқарады. Барлық зерттеулер университеттің заманауи ғылыми зертханаларында жүргізіледі.
Аталған жоба Жапония тарапынан 250 мың АҚШ долларымен қаржыландырылып, 3 жыл ішінде жүзеге асырылады. Бұл келісім ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жас мамандардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.