Түлектерге мүмкіндік: «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026»
Бүгін Шәкәрім университетінде жылдағы дәстүр бойынша кезекті рет "Бос орындар жәрмеңкесі - 2026" іс-шарасы өтті. Университеттің биылғы түлектерін жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылған шараға түрлі саладағы сұранысқа сәйкес мамандарды тартатын жұмыс берушілер, өндіріс, шаруашылық басшылары қатысты.
Биыл Шәкәрім университетін педагогика және психология, құрылыс, биотехнология, агрономия, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, ветеринария тағы да басқа түрлі мамандық бойынша 500 студент тәмамдап, өз бағыттары бойынша болашағын айқындамақ.
Жәрмеңке барысында түлектердің кем дегенде 60 пайызын жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
Көкпекті ауданындағы "Өрнек" шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қойгелдин ветеринария мамандығы бойынша бітіруші жастарды жұмысқа шақырып қана қоймай, жас мамандарды баспанамен қамту және басқа да қолайлы мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті.
Ауқымды іс-шарада Шәкәрім университетінің биылғы түлектері өздерін қызықтырған сала бойынша жұмыс беруші орындардың өкілдерімен әңгімелесіп, ұсыныстарына қанықты.