«Таза Қазақстан»: Шәкәрім университетінде сенбілік өтті
Шәкәрім университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды.
Таяуда ғана Абай облысының әкімі Берік Уәли қала тұрғындарына және өңір халқына арнайы бейнеүндеу жариялап, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экоакциясына үлес қосуға шақырған болатын. «Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – айына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде күнделікті дағдыға айналып, салт болып қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет»,- деген еді өңір басшысы.
Осы орайда, Шәкәрім университетінің оқытушылары мен қызметкерлері ортақ мақсатқа жұмыла кірісті. Университеттің Бас ғимаратының ауласында сенбілік ұйымдастырылып, айнала тазалық құшағына енді.
«Айналамызды, қоршаған ортамызды таза ұстау – барлығымыздың ортақ парызымыз. Бүгінде дәстүрге айналған «Таза Қазақстан» акциясын экологиялық тұрғыдан ғана қолдап қоймай, оның ел ертеңі – жастар үшін берер өнегесі мол екендігін әрдайым қаперде ұстауымыз қажет»- дейді университет ректоры Думан Орынбеков.
«Таза Қазақстан» акциясына үлес қосу алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.