Су шаруашылығы мамандарына сұраныс мол
Суды тиімді әрі үнемді пайдалану бүгінде жаһандық мәселеге айналып отырғаны рас. Әсіресе, трансшекаралық өзендер аймағында орналасқан мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын сақтау, өзекті себептерді бірлесіп шешу маңызды рөл атқарады.
Ірі өзендердің қатарында болғанымен, Қытайдан бастау алып, Ресейге де құятын Ертіс өзені біздің еліміз үшін де басты су көзі болып саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бірер жыл бұрын Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, өңірлерде өкілдіктері мен мекемелері қарқынды жұмыс жүргізе бастағандарын атап өткен жөн. Аймақтарда қазір осы су қорларының мүмкіндіктерін байқап, мөлшерлерін екшеп талдайтын мамандар қатарын көбейту ауадай қажет.
Сол себептен бүгін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су ресрустарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы мен Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өзара байланысты нығайтатын «Ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойды.
- Облысымызда Су шаруашылығы басқармасына қарасты мекемелер құрылды. Енді осы салаға мамандар тарту өте қажет. Қазір бізде, Ертіс инспекциясында Шәкәрім университетінің 9 түлегі өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Су шаруашылығы мамандары деген кімдер десек, олар инженер-гидротехник, инженер-гидролог, мелиоратор және жер қатынастары, эколог сияқты жанама мамандық иелеріне де біздің мекемеден орын табылады. Жалпы, Ертіс өзені үш су қоймасы арқылы реттеледі. Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Өскемен су қоймасы және Абай облысындағы Шүлбі су қоймасы. Осы нысандардағы су қорын екшеу, тиісті мөлшерлемеге сай су жинақталуын бақылау, табиғат құбылыстарын, климаттық өзгерістерді назарда ұстау сияқты мәселелерге жауапты мамандардың жұмыс істеуіне жол ашық. Бастысы, біз осы бағытта басқа оқу орындарымен қатар Шәкәрім университетімен де тығыз байланыс орнатып, меморандум жасасқанды жөн көріп отырмыз,- дейді Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.
Кездесу барысында қос тарап су еліміздегі және әлем бойынша суды пайдалану жайына қатысты өз ойларын ортаға салып пікір алмасты. Университет ректоры Думан Рымғалиұлы жаңа кезеңде екі жақты келісімге келумен қатар, оқу орнында су шаруашылығына қатысты мамандар даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
-Трансшекаралық су мәселесі біздің Абай елінде қашанда өзекті. Бүгінгі серіктестік байланыс аясында қоршаған ортаны қорғау, экология мамандықтары бойынша білім алушыларға тәжірибеден өтуге, дуальді білімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді деп сенеміз. Одан бөлек биылғы жылы «Су ресурстары және трансшекаралық қауіпсіздік» деген жаңа білім беру бағдарламасын ашуға ниетті болып отырмыз. Қазіргі уақытта мемлекеттік реестрға енгізу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Сәтін салса, алдағы қыркүйек айынан бастап осы жаңа мамандық бойынша кадрлар даярлайтын боламыз,- деді Д. Орынбеков.