Жаңалықтар 09.04.2026 28

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің профессорлық-оқытушылық құрамға, қызметкерлер мен студенттерге Ғылым қызметкерлері күні қарсаңындағы үндеуі

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің  профессорлық-оқытушылық құрамға,   қызметкерлер мен студенттерге   Ғылым қызметкерлері күні қарсаңындағы үндеуі

Құрметті әріптестер, студенттер!

12 сәуірде Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл маңызды дата Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Оның өмір жолы ғылымның нақты экономикаға қалай қызмет ететінін көрсетеді. Ол ғылыми білімді өндіріс пен геологиялық барлау ісіне енгізіп, елдің ресурс базасын қалыптастыруға атсалысты. Жезқазғандағы ұлы қазақ ғалымының еңбегі тек ғылыми нәтиже ғана емес, тұтас бір саланың және өңірдің дамуына негіз болды.

Зерттеу бірден экономикамен, өндіріспен, нақты нәтижемен байланысқан кезде ғана ғылымның кемелдігі көрінеді.

Соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілгенін атап өткен жөн: ғылымды басқарудың жаңа тәсілдері қалыптастырылды, қаржыландыру тетіктері кеңейтілді, зерттеу бағыттарына, халықаралық ынтымақтастыққа және университет инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды.

Бұл университеттердегі ғылымның дамуына қажетті негіз бен жұмыс ортасын қалыптастырады. Сонымен қатар, осы мүмкіндіктердің нақты нәтижеге айналуы дәл университет деңгейінде анықталады.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер бар. Олар: ғылыми жұмыстың мазмұнын тереңдету, оның экономикамен байланысын қамтамасыз ету және практикалық қайтарымын арттыру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен жоғары білім салаларына қатысты соңғы сөзі жүйелі және талапшыл бағытты айқындады. Мемлекет басшысы қазіргі жағдайды ашық бағалап, жүйенің әлсіз тұстарын көрсетіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуді талап етті. Бұл ретте, жекелеген бағыттарды түзетуден гөрі, жұмыс істеу тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігі айтылды.

Бүгінгі таңда негізгі назар бағдарламалардың санына емес, олардың сапасына, сұранысқа ие болуына, есеп беруге емес, өлшенетін нәтижелерге, жарияланымдарға емес, практикалық маңызы бар зерттеулерге аударылып отыр. Бұл өзгерістер өндіріс саласына тікелей әсер етеді, яғни нақты жобалар мен инновациялық шешімдер қажеттілігі артады.

Осыған орай, Шәкәрім университетінің нақты әрекеттері қандай болуы керек?

Қазіргі уақытта білім беру бағдарламалары нарық талаптарын, технологиялық өзгерістерді және өңірлік экономиканы ескере отырып қайта қаралуда. Осы орайда, зерттеу басымдықтарын күшейту қажет, яғни университет нақты нәтиже бере алатын бағыттарға шоғырлануы тиіс.

Зертханалардың жұмысын тек оқу базасы ретінде емес, қолданбалы шешімдер орталығы ретінде ұйымдастыру қажет.

Студенттердің нақты жобаларға алғашқы курстардан бастап қатысуын қамтамасыз ету маңызды.

Өңір кәсіпорындарымен міндеттер деңгейінде тұрақты байланыс орнату керек.

Кадр саясатына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Университеттік ортада оқытушыға, зерттеушіге, басшыға қойылатын нақты талаптар қалыптасуы қажет.

Бағалаудың жұмыс нәтижесіне негізделуі маңызды.

Мысалы, ғылымда – зерттеудің мазмұны мен қолданбалы маңыздылығы бойынша, білім беруде – түлектің даярлық деңгейі бойынша, басқаруда – қабылданған шешімдердің тиімділігі бойынша. Бұл – ішкі тәртіп мәселесі.

Біз өңірде жұмыс істейтіндіктен, бұл қосымша жауапкершілік жүктейді. Өңірлік университеттің негізгі міндеті – аумақтың дамуына атсалысу. Дәл осы арқылы біздің жұмысымыздың шынайы құндылығы айқындалады.

Бүгінде біз тек жоспарға сүйену жеткіліксіз кезеңге қадам бастық. Ендігі міндет – жұмысты нақты нәтижеге бағыттау. Әрбір бастама айқын көрсеткіштерге негізделіп, нақты іске асырылуы тиіс.

Алдымызда маңызды міндеттер тұр: ғылыми зерттеулер мен кәсіпорындар қажеттіліктері арасындағы алшақтықты азайту, өңірдің кадрлық сұранысына дәл жауап беру, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру және білікті мамандар даярлау деңгейін көтеру. Сонымен қатар, зертханалар мен ғылыми әзірлемелердің нақты экономикаға тиімді енгізілуін қамтамасыз ету қажет.

Мұндай жағдайда жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және ішкі тәртіпті талап етеді. Әрқайсыңызды осы міндеттерге барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Қорытындылай келе, қазіргі уақытта ғылымды өндіріспен, білім беруді экономикамен, ал білімді өңірдің дамуымен тығыз байланыстыру – басты талапқа айналып отыр. Бұл міндеттердің орындалуы әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізге тікелей байланысты.

Баршаңызға мақсаттарыңыз айқын болып, өңіріміздің сұранысына сай нақты нәтижелерге қол жеткізуді тілеймін.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру